Хабар телеарнасы

Шетелдіктер асырап алған қазақ балаларынан хабар жоқ

Шетелдіктер асырап алған қазақ балалары жайлы нақты ақпарат жоқ. Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі шекара асқан жетім балалардың тағдыры туралы мәселе көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.

Айтуынша, 2014 жылы еліміздің Бас прокуратурасы оларға алаңдаушылық білдіріп, арнайы тексеріс жүргізген. Алайда аталған істің нәтижесі және қабылданған шешімдердің орындалу барысы туралы мәлімет сол күйі жарық көрмепті.

Жалпы тәуелсіздік жылдары мыңдаған қазақстандық баланы шетелдіктер асырап алған. Ал олардың кейбірі жайлы мүлдем мағлұмат жоқ.

Айта кетейік, соңғы кезде сыртта өскен сондай балалар Қазақстанға келіп, ата-анасы мен туыстарын іздеуі жиілеген.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 
- 1999-2011 жылдар арасында шетелдіктер 8805 баланы асырап алған. Кәмелетке толмаған 3588 бала туралы есеп алынып тұрады. Өкінішке орай есеп бермейтіндер де аз емес. Мәселен, Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ. Сол сияқты АҚШ-тағы 104, Бельгиядағы 113 баланың тағдырын білмейміз. Ең сорақысы – 1999 жылға дейін қанша баланың шетелге кеткені жайлы мүлдем мәлімет жоқ.