Хабар телеарнасы

Қазақстан құрылысшылары құрылыс кодексінің жобасына наразы

Қазақстан құрылысшылары құрылыс кодексінің жобасына наразы. Айтуларынша, жаңа құжат заман талабына сай емес, әрі саланың сұранысына сәйкес келмейді. Осылай деген олар, бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жиналып, заң жобасын жауапты министрлікке қайтаруды талап етті.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасына арыз-шағымын айтып, наразылығын білдіруге келген құрылысшылардың бәрі – тәжірибелі мамандар. Аталған саланың жілігін шағып, майын ішкендердің бірі Мейірбек Жаманқұловтың сөзінше, жаңа құжат министрліктің бірнеше заңды біріктіре салған қойыртпағы.

Мейірбек Жаманқұлов, жобалаушылар қауымдастығының президенті:
-Сәулет құрылысы мен қала құрылысы екеуі екі түрлі нәрсе. Қала құрылысына басқа бір кодекс жасау керек еді. Қала құрылысының кодексі ол, мына жердің, қалалардың зонасын, соны реттейтін заң болу керек. Нақты ұсынысымыз, бұрынғы сәулет заңы сол күйі қалу керек.

Осылайша бір емес бірнеше заңның басын қосқан құжат 250 бапқа жеткен. «Ал көрші елдерде мұндай заң 60-70 баптан аспайды»,— дейді құрылысшылар қауымы. Айтуларынша, министрлік кодекстің жобасын әзірлеу барысында олармен ақылдаспапты. Тіпті «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сұрауын да пысқырмады деп отыр.

Бірлік Ережеев, сараптамалық ұйымдар палатасының төрағасы:
-Заңның баптары бір-біріне қайшы келеді. Ал құрылыс саласының мамандарын сертификаттауды өзін-өзі реттеуші ұйымға беру туралы ұсыныс тіпті ақылға сыймайды. Мұндай нәрсе әлемде жоқ. Лицензия беру болса, бұрынғыдай жергілікті атқарушы органдардың құзіретінде қалып отыр. Салдарынан «лицензия алып беремін» деген жарнамалар хабарландыру сайттарында қаптап жүр. Жалпы заң жобасын әзірлеу барысында дамыған елдердің тәжірибесі де мүлдем ескерілмеген.

Жаңа құжат бойынша енді құрылыс саласындағы жобаларды сараптамадан өткізу тек мемлекеттік органға тиесілі болады. Сала мамандары бұған да қарсы. Себебі бұрын бұл іспен мемлекеттік емес мекемелер де айналыса алатын. Ал енді «аталған бағыт монополияға айналды» деп налиды. Жауапты министрлік болса, мұның барлығы құрылыс сапасын жақсарту үшін жасалып отырғанын айтады. «Ал бизнестің ойы тек пайда табу»,— дейді.

Руслан Лепесов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің департамент директоры:
-Біз «Атамекенмен» бірнеше рет кездескенбіз. Жаңа заңда жеке сараптама ұйымдарын мүлдем алып тастау деген бап жоқ. Тек нысандардың маңыздылығына қарай мемлекеттік және мемлекеттік емес сараптамаға жатады деп бөлінеді. Мәселен, бес қабаттан жоғары және халық көп жиналатын ғимараттардың жобаларына тек мемлекеттік сараптама жасалады. Себебі бұл қауіпсіздік үшін қажет. Өйткені талай нысандардың қабырғасы құлағанын көз көрді.

Министрлік өкілі мұның барлығы заңға қосымша актілерде көрсетілетінін айтады. Жалпы біздің құрылыс саласына қадағалау қажет-ақ. Халықтың да қалауы осы.

Құрылыс кодексінің жобасы қазір Мәжілістің қарауында жатыр. Құрылысшылар оны министрлікке қайтаруды талап етіп отыр. Ал депутаттар олардың өтінішін ескеріп, заңды кері қайтара ма, әлде сол күйінде қабылдай ма, әзірге бұл беймәлім.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков, Дархан Күнтуов