Хабар телеарнасы

1 қаңтардан бері 2 мыңға жуық адам қызылша дертін жұқтырған

Биыл 1 қаңтардан бері 2 мыңға жуық адам қызылша дертін жұқтырған. Ал былтыр жұқпалы ауруға душар болған 30 мың адамның 79% балалар. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының төрағасы Манар Смағұл айтты. Осыған байланысты, қызылшаға қарсы екпе алмаған баланы балабақшалар қабылдамауға құқылы. Медициналық тексеру нәтижесінде баланың бойынан кінәрат анықталған жағдайда ғана ата-анасы вакцина салдырудан уақытша бас тарта алады. Онда да бүлдіршін баратын мектепке дейінгі мекемеде ұжымдық иммунитет деңгейі 90% төмен болмауы керек. Мәселен, балабақшада 20 бала тәрбиеленсе, оның тек екеуі медициналық қарсы көрсеткіші бар анықтамамен қабылданады. 

Манар Смағұл, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының төрағасы:
-Бұрын екпелерді уақытылы алмаған 18 жасқа дейінгі балалар арасында 165 мыңнан астам егумен қамтылып отыр. Қосымша иммундау компанияның барысында бүгінде 949 мыңнан астам екпе алды. Оның ішінде 6-11 ай аралығындағы балалар арасында 109 мыңнан асса, 2-4 жас аралығындағы балалар арасында 638 мың 549 бала егілді.