Хабар телеарнасы

Жетісу облысында жиналған 100 мың тонна жүгері шіри бастады

Жетісу облысында жиналған 100 мың тонна жүгері қызып, қамбада шіри бастаған. Себебі оны алатын жер жоқ. Әрі бұл дәнді дақылдың бағасы өткен жылмен салыстырғанда 3 есе дейін төмендеп кеткен. Бұған көрші елдерден арзан өнімнің тасымалдануы әсер еткен. Диқандар жүгеріге қыстың қақ ортасында орақ салуға мәжбүр. Бұл өңірінде күзде 1 мың гектар жүгері алқабы орылмай, қар астында қалып қойған еді. Қазан айындағы ауа райының қолайсыздығынан шаруалар ораққа енді кірісті. Қазір өңірдегі кәсіпорындардың бірі жүгеріні 55 теңгеден қабылдай бастаған. Шаруалар ол үшін дақылды кептіріп, ылғалдығын 14% жеткізуі тиіс. 

Асқар Өмірбеков, шаруа қожалығының жетекшісі:
-Былтыр 130-120 теңге болатын. Осы поленың басынан 113 теңгеден алған былтыр. Биыл ондай баға жоқ. Кептіретін жер жоқ. Өткізетін жер жоқ. Сондықтан да біз қиналып жатырмыз да кішкене.

Нұрдәулет Кененбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
-Экспортқа шығарып жүрген мемлекеттер көрші мемлекеттен арзанға өзіне қажетті өнімдерін алып алды. Бұл - нарық. Нарық болғаннан кейін оны қабылдау, сатып алу бағасы нарыққа байланысты болып жатыр.