Хабар телеарнасы

Сырбаз жігіт Сергей Панасюк жылдың жас кәсіпқойы атанды

Өскеменде металлургиялық кешенде бар болғаны 4 жыл істеп еңбекқорлығымен көзге түскен Сергей Панасюк жылдың жас кәсіпқойы атанды. Мырыш цехында күйдіруші болып жұмыс істейтін ол мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Бірақ онысын мақтаныш көрмейді. «Керісінше тұрған еліңнің тілінде сөйлеу — қалыпты жағдай болуы керек»,— деп санайды. Өзі қолы қалт етсе өзге тілді замандастарына ең қызықты қазақша сөздерді үйретіп жүреді екен.

Күйдіру цехында жұмыс істеу әркімнің қолынан келмейді. Мұндағы жоғары температураға төзу қиын. Сергей Панасюк құрамында мырыш бар концентратты күйдіреді. Бір жақсысы жұмыстың көп бөлігі автоматты жүйеде басқарылады. 4 жыл бойы осында тапжылмай еңбек етіп келе жатқан Сергей бүгінде​істің қыр-сырын әбден меңгерген. Тіпті кейінгі келгендерге шеберлік сағатын өткізеді.Жұмыс арасында​ әріптестерін «қазақшаға» да қызықтырып қояды.

Сергей Панасюк, мырыш цехының күйдірушісі:
-Күлкі ретінде «қанағаттандыралмағандықтарыңыздан» деген сөзді үйренгенмін.

Сергей интернационал отбасында тәрбиеленген. Өзін «Күршімнің қазағымын» деп санайтын азамат кәсібіне ғана емес, сөзге шебер, дәстүрге адал.

Сергей Панасюк, мырыш цехының күйдірушісі:
-Менің ойымша, бұл мақтанатын нәрсе емес. Соғым соямыз. Үш балама 40 шелпек жасадым, тұсаукесер жасағам екі ұлға қызға жасамадық, сондықтан көп дәстүрдің көбісін істейміз.

Әріптестері болса Сергейдің жауапкершілігі мен жанашырлығын жоғары бағалайды.

Руслан Еділбаев, күйдіру цехының бастығы:
-Сергей үнемі көмектесуге дайын тұрады. Жұмысына өте жауапты. Бізде істегеніне аса көп болмаса да, қазір бәрін үйреніп алған. Кез-келген тапсырманы қағып алады.

Дәл осы алғыр мінезінен болар, Сергей Панасюк биыл өлкенің ең жас кәсіпқой азаматы атанды. Ол бұл марапат бүкіл жұмысшы мамандығына көрсетілген құрмет деп санайды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов