Хабар телеарнасы

Энергетика саласында қандай жаңалықтар болды?

Әдетте есімізде өткен аяздар, жарылған құбырлар мен тоңған тұрғындардың жанайқайынан басқа не қалды? – деген сұрақ туындайды.

Мәселен, биыл Батыс Қазақстан облысында табиғи газдың қосымша көзіне айналатын «Рожковское» ірі кен орны іске қосылды. Биылғы мамырда «Оңтүстік Ақсай», ал айдың басында «Шығыс Өріктау» кен орны пайдалануға берілді. «Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырының екінші желісі іске қосылды. Электр энергиясы саласында да бірқатар жаңалықтар бар екен. 

Биыл жалпы қуаты 500 мегаватт жасыл энергия көздері нысандары қолданысқа беріліпті. 

Қазақша айтатын болсақ көмір жақпайтын, ауаға түтін шығармайтын электр стансалары ғой. Жел, су деген сияқты. Бізге қуат көзін беретін нысандардың 70-75% – жылу электр станциялары. Көмір жағады. Олардың да жай күйіне тоқталамыз.

Берік Дүйсенбай, шолушы: 
- Әуелгі сөзді қазір шыңғырып тұрған проблемалардан бастасақ. Былтыр энергия нысандарын жаңалауға деп 160 млрд теңге бөлінді. Алайда қыруар ақша ай бұрынғы аяздарда жылу қазандықтарымен бірге қатып қалған сияқты әсер қалдырды. Депутаттар энергетикалық, коммуналдық коллапс болуы мүмкін деп дабыл қаққаны кеше ғана. Бірақ ахуалдың ақиқаты сол елде жылу энергетика нысандарының жартысынан көбі тозып тұр. Ең жанға бататыны – 1 жылда барлығы жасала салмайтынын бәріміз түсінеміз. Десек те биыл бұған қанша қаражат бөлінгенін, не істелгенін сұрауға қақымыз бар. 

Республика бойынша энергия нысандарының құрылысы мен оларды жаңғыртуға 146,5 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 19 млрд теңге – жеке инвестиция. Бұл ақшаға 8 энергоблок, 43 қазандық және 40 турбина жөнделді.

Елімізде халық саны өсіп келеді, өндіріс ошақтары да көбейіп, қуат көзіне сұраныс еселеп өсуде. Мемлекет басшысы алдағы 5 жылда қосымша 14 гигават қуат көздерін іске қосу қажеттігін тапсырғанын білеміз.
Себебі қазіргі болжамдарға сенсек 2030 жылға дейінгі болжамды энергетикалық тепе-теңдік былай болады екен.

Алдағы 7 жылда - жылына 146.01 млрд квт / сағат электр энергиясын тұтынады екенбіз. Ал сол кездегі өндіретініміз 140.53 млрд кв/сағатты құрайтын болады.

Жаңа 14 гигават қуат көзін тарту тапсырмасын айттық қой, соның 6 гигаваты Жасыл энергия көздері есебінен жүзеге аспақ. Себебі бізді қазір жылытып жүрген, көмірмен істейтін жылу электр стансалары тозып, тарихтың қойнауына сұранып тұр.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Қалпына келетін қуат көздерін дамыту бағдарламасы шеңберінде және көмірсутекті аз пайдаланатын энергияға көшу мақсатында 13 нысан қолданысқа берілді. Жыл аяғына дейін сондай-ақ екі жел электр стансасы пайдалануға беріледі деп күтілуде. 

Мұның сыртында 2027 жылға дейін жалпы қуаты 6,7 ГВт Жасыл Энергия көздері нысандарының құрылысына 5 жылдық аукциондық сауда-саттық кестесі бекітілді. Таяу келешекте БАӘ, Total Energies және China Power International Holding-пен бірлесе жалпы қуаты 3 ГВт болатын үш жел электр станциясын салу жоспарлануда.

Атом электр стансасын салу мәселесі биыл қоғамда қызу талқыланды, оны салу салмау мәселесі референдумның еншісіне қалды. Бірақ жел және су электр стансаларын салсақ жеткілікті емес пе, АЭС-тің керегі бар ма деп мамандардан сұрап көрдік. 

Асуан Сиябеков, «Қазақстанның атом электр станциялары» компаниясы, атом энергетика бөлімінің жетекші инженері:
- Бізде жаңағы баламалы деп айтамыз, ГЭС, жел және күн энергиясынан алынатын көздер бар. Олардың мөлшері әрине аз. Соның барлығын ескере келе бізге базалық, таза жасыл энергия көзі керек. Оны тек қана біз АЭС-тен ғана ала аламыз. 

Хош, сонымен өтіп бара жатқан жылдың энергетика саласындағы түйткілдерін қысқаша шолып шыққанымыз осы болды. Алдағы уақытқа жоспарланған міндеттер жүзеге асатын болса, болашағымыз бұлыңғыр емес екен, күдік пен күмәннің тұманы сейілетіні анық деп сенуге болатын сияқты.