Хабар телеарнасы

Несиені несиемен жабудың жолы кесіледі

Мәжіліс депутаттары банк алдындағы берешегін төлей алмағандарға жаңа несие беруді шектеуді ұсынды. Өйткені халықтың банктер алдындағы берешегі 13 трлн теңгеге жеткен.

Салыстыру үшін айтсақ бұл сома өткен жылғы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициямен бірдей. 

13 трлн 11-і, яғни 87% банктен алынған. Микроқаржы ұйымдарына азаматтар 1 трлн астам теңге қарыз.

1 млн 600 мың адамның - 334 млрд теңге борышы проблемалық қарыз ретінде коллекторлық агенттіктерде тұр. Депутаттар бұған бір жағынан қарызын қарызбен жауып жүргендерді кінәлайды. Ондайларға енді банктер мен микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер ақша бермейді.

Сонымен бірге несие алуға өтініш берген адамның ресми табысы есептеліп, борышын жабуға кететін ақшасы кірістің жартысынан аспағаны қадағалануы мүмкін.

Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
- Несие төлеуді 90 күннен кешіктерген азаматтарға қарыз берілмеуі керек. Ол қарызын төлей алмай жатып, тағы несие алса, оны қалай төлейді? Мысалы, 1 айда банк түрлі қаржы ұйымдарынан 300 аса несие алынады. Бұның барлығы жиналып, үлкен қарызға айналады.