Хабар телеарнасы

«Ауыл аманатының» шарапаты: 2024 жылға 18 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған

Несиеге алынған сиырдың несібесі бар. Егер ол арзан пайызбен және жеңіл шартпен берілсе. Биыл қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көрген ауыл адамы осылай дейді. Қостанай облысының өзінде бір жылда 279 ауыл тұрғыны жеке кәсібін ашыпты. Олардың басым бөлігі мал шараушылығымен айналысады. Бұл жоба ел бойынша келесі жылы да жалғасады. 2024 жылға 100 млрд теңге бөлініп, 18 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған. 

Нұрана Абуллаева — үш баласы бар жалғызбасты ана. Осы күнге дейін тұрақты жұмысы болған емес. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша берілетін жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, тоғыз сиыр сатып алыпты.

Нұрана Абуллаева, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушы:
-3,5 миллион тенге берді. Оған сауынды сиырлар және мал азығын сатып алдық. Жылдық мөлшерлемесі 2,5% ғана. Оның өзін 1,5 жылдан кейін ғана төлей бастаймыз. Оған дейін сүтін сатып, төлін көбейтіп есебін шығарамыз деген ойдамын. Қысқасы бұл тұрмыс жағдайды жақсартуға тамаша мүмкіндік.

Халықты қаржылай қолдап, табыс табуына жағдай жасауға бағытталған іс-шаралар өз жемісін беріп отыр. Ауылды жерлерде әлеуметтік төлемге иек артып отырғандардың саны азайғандығы сөзіміздің дәлелі. Бір ғана Қостанай ауданында бұл көрсеткіш шамамен үш есеге кеміген.

Қайрат Әбішев, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:
-Салыстырсақ біз аудан бойынша 144 отбасы әлеуметтік төлем алатын болған. Қазіргі бірінші желтоқсанда бізде 59 отбасы әлеуметтік төлем алады. Үш есе қысқарып отыр. Гранттар алған азамат, азаматшалар бар, оның сыртында жұмысқа кіргізген азаматтар бар. Әрине біздің мақсатымыз, біздің жұмысымыз сол. Табыстары азырақ отбасыларының санын азайту.

«Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен облысқа 1 миллиард 600 миллион тенге бөлінді. «Оның бәрі игеріліп, өз мақсатына жұмсалды»,— дейді жауапты мекеме басшысы.

Асылан Жаныспаев, «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқармасының төрағасы:
-Біз 279 жобаны мақұлдадық. Негізінен несиеге өтініш берушілердің тұрмыс жағдайларына назар аудардық. Атап айтсақ, адресті әлеуметтік көмек алатындар, жұмыссыздар және өз-өзін жұмыспен қамтып отырғандарға басымдық берілді. Қазір осы жобаға қатысушылардың 70% сол топқа жататындар.

Әрине ауылдықтар болған соң жеңілдетілген несие алғандардың дені ата кәсіппен айналысуы түсінікті жәйт. Дегенмен арасында құс өсіріп, халыққа қызмет көрсететін орындар ашқандары да бар. Ең бастысы мамандардың есебінше, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша іске асқан жобалардың арқасында кемі 300 жаңа жұмыс орыны ашылмақ.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг