Хабар телеарнасы

Елдегі бағаның өсуіне кінәлілер табылды

Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттар бағаның өсуіне өзі би өзі қожа болған ірі сауда орталықтарының иелерін кінәлады. Парламентке келген Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев сауда орындарына тексеру жүргізгендерін айтып, осыған байланысты заңнамаға енгізілетін ұсыныстармен таныстырды. Тексеріс барысында сауда орындары мен базарлардың дені өрт пен санитарлық талаптарға да сай келмейтіні анықталған. Министр ірі сауда орындары мен базар иелеріне барлық кемшілікті жойып, жаңғыртуға 2025 жылдың соңына дейін уақыт беруді ұсынды. Биыл 10 айда ішкі тауар айналымы 47 трлн теңгеге жеткен. Алайда әлі де импорттың үлесі жоғары. Депутаттар ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеушілерге 6-8% жеңілдетілген несие беру мәселесін көтерді. Себебі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізбесіне кіретін 10-нан аса тауардың бағасы өскен.

Арман Шаққалиев ҚР Сауда және интеграция министрі:
-Астана мен республикалық қала базарларында жаңғырту жұмыстарын аяқтай алмадық. Бұған пандемиядан бастап, көптеген факторлар әсер етті. Сондықтан кәсіпкерлер палатасы жаңғырту мерзімін ұзартуды сұрап отыр. Депутаттар бұл бастаманы қолдаса екен дейміз.