Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында жоғары сұрыпты әк өндіріледі

Өндірістегі ірі жобалардың тағы бірі – Қарағанды облысының Осакаров ауданында іске асырылды. Жоғары сапалы әк өндіретін зауыт өз жұмысын бастады. Кәсіпорын өз өнімін тек ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да шығармақ.

Жобалық қуаты – жылына 300 мың тонна дайын өнім шығарады. Келешекте бұл көрсеткіш екі есеге дейін ұлғайтылады. Қазір мұнда 300 жуық жұмыс орны ашылды. Инвестициялық жобаның құны 30 млрд теңгеге жуықтайды.

Ең бастысы – зауыт қара және түсті металлургияға, химия өнеркәсібіне және басқа да салаларға қажетті өнім шығарады.

Азамат Панбаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің комитет төрағасы:
- «Сарыопан» жобасы ел үшін аса маңызды. Ол ішкі қажеттілікті толық қамти алады. Қазір бұл өнім өндіріс саласының әр тармағына қажет. Жобаның іске қосылуы құрылыс саласын ғана емес, өзге де тармақтарға дем беретін болады. Бірінші сұрыпты әк өндіру кешені отандық қара және түсті металлургия, шыны өнеркәсібі кәсіпорындарының сұранысын толығымен жабады.