Хабар телеарнасы

Бюджеттің жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалады

Елдегі бюджеттің жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалады. Елімізде тұңғыш рет бала күтіміне берілетін жәрдемақы 1,5 жылға ұзартылды. Асыраушысынан айырылған және еңбекке жарамсыз болып қалған азаматтарға төленетін көмек ақша да өсті. Жалпы 4 миллион 300 мыңнан астам адамға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Еліміздің әлеуметтік кодексі қабылданды. Келер жылдан бастап балаларға Ұлттық қордан қаржы үлестіріледі. 

«Берсең, балаға бер, айта жүрер». Жаңа жылдан кейін табысының жартысы теңдей бөлінетін Ұлттық қор, келер ұрпақтың аяққа тұруына сеп болмақ. Жиналған қаржыға болашақта баспана алса да, оны оқуға жұмсаса да өз еркі. Бастысы әр жасөспірім мемлекеттен өз несібесін алады.

Мақсат Жақау, саясаттанушы:
-Табыс көзінің 50% Қазақстан халқының балаларына, болашағына үлестіріп беру — бұл меніңше үлкен шешім. Бұл мысалы қазіргі балалар емес, ертең туылатын, одан кейін, келесі жылы туылатын, қашан болса да туылатын балаларға бас-басына осы мемлекет сол табиғи байлықты бөліп беру деген сөздің өзі үлкен тарихи маңызы бар.

Үкімет пен Ұлттық банк есебі бойынша, елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Ал бала күтімі бойынша демалыста берілетін жәрдемақы мерзімі мардымсыз еді. Сондықтан Президент бұйрығымен биыл бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Көпбалалы отбасылар да назардан тыс қалмады.Республикалық бюджеттен төленетін барлық жәрдемақының мөлшері 8,5% артты. Бұл шамамен 2 млн адамды қамтыды. Төлемдерді жасауға 1 қаңтардан бастап барлығы 1,1 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Айта кеткен жөн, төлемдерді алу үшін енді бұрынғыдай уәкілетті органдарды жағалаудың қажеті жоқ. Себебі ТМД елдерінде бұрын-соңды болмаған біртұтас әлеуметтік кодекс қабылданды. Осылайша, бесіктегі сәбиден бастап, еңкейген қарияға дейін мемлекеттен проактивті қолдау мүмкіндігін алды.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан үлкен қолдау. Бұның ішінде жастарға, балаларға, халықты жұмыспен қамтуға қатысты, зейнеткерлерге қолдау биылғы бюджетте де осы әлеуметтік салаға осы көп көңіл бөлінді. Өткен жылдармен салыстырғанда барынша жоғары болып отыр. 

Елімізде кейінгі 11 айдың қорытындысы бойынша 900 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Олардың 257 мыңы Ұлттық жоба аясында қамтылды. Ал 294 мыңы бос жұмыс орнына жолданған. 357 мың азамат Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасымен еңбекке орналасты. Жастарды кәсіпке баулу үшін бірқатар қолдау шаралары да қолға алынды.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-Осал санаттағы қазақстандықтарға жаңа бизнес бастамаларды іске асыру үшін 400 АЕК мөлшерінде 9102 грант берілді. Бұдан басқа Мемлекет басшысының жастардың кәсіпкерлік бастамасын іске асыру үшін жылдық мөлшерлемесі 2,5% жеңілдетілген микрокредиттер беру тапсырмасын іске асыру аясында 5496 жоба мақұлданды.

Жалпы қызметкерлердің жалақысы да біртіндеп өсіп келеді. 600 мың азаматтың айлығы жыл сайын кезең-кезеңмен 20% артыпты. Зейнетақы өсімі де байқалады.

Биыл ол 10,5% өсті. Жиынтық зейнетақының орташа мөлшері осылайша 120 мың теңгеге жеткен. Елімізде 2 млн 300 мың зейнеткер бар. Биылғы зейнетақы көлемі 3 трлн теңгеден астам қаржыны құраған.

Авторлары: Дана Әлиева, Ердәулет Ыбырайұлы