Хабар телеарнасы

Ақмола облысы Бурабай кентіндегі жылу мәселесі шешіліп келеді

Осыған дейін аязды күні тоңып отырған тұрғындардың жанайқайын жеткізген едік. Қазір жағдай тұрақталды. Суық үйлерге жылу сорғылары орнатылып, пәтерлердегі жылу қысымы 18 градусқа дейін көтерілген. Оған аймақтағы күннің де күрт жылуы себеп болып отыр. Бірақ үскірік аяз келсе жағдай қайталануы мүмкін. Себебі ауылдағы жылу қазандығының қуаты жетпейді

Надежда Кангинаның пәтеріндегі жылу температурасы 5 градус қана. Сондықтан зейнеткер үйінде осылай сырт киіммен жүруге мәжбүр. Тек бір ғана бөлмеде отырады. Басқасын суық болғасын жауып тастаған. Оның өзінде тоқпен істейтін жылыту құрылғысын қолданады.

Надежда Кангина, Бурабай кентінің тұрғыны: 
- Бұл мәселе бізде жыл сайын қайталанады. Ал оның түбегейлі қашан шешілетінін білмейміз. Айтамыз, жазамыз. Бірақ одан ешқандай пайда болмай тұр.

Мұндай жағдай ауылдағы бірнеше үйге тән. Жылуға жарымай отырған тұрғындар жергілікті билікке шағымын жеткізген. Бірақ нәтиже жоқ. Сол себепті тұрғындар тәуелсіз сарапшыларды шақырып, үйлердегі жылуды өздері тексерген.

Любовь Антонова, Бурабай кентінің тұрғыны: 
- Біз жеті үйдегі 12 пәтерді тексеріп шықтық. Температура 5-14 градус аралығында болды. Яғни ең жылы деген үйлердің өзі 14 градус қана.

Ал осыдан 7 жыл бұрын салынған жылу қазандығының қуаты жетпейді. Қазір нысандағы 5 қазандықтың тек үшеуі ғана жұмыс істеп тұр. Бірер жыл бұрын алынған екі қазандық әлі мүлдем іске қосылмаған.

Виктор Бахмут, коммуналдық кәсіпорын директоры: 
- Тұрғындардың шағымы орынды. Себебі жылу жетпей жатыр. Қазір бізде үш жылу қазандығы істеп тұр. Ол толық ауылды жылумен қамтамасыз етуге күші жетпейді.

Қазір ауданда осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар жан-жақты мәселені шешуге тырысып жатыр.

Арай Садықов, Бурабай ауданының әкімі: 
- Қазір үйлердегі жылу балансын ретке келтіріп жатырмыз. Сондай-ақ ескірген жылу тораптарын ауыстырып, жаңа сорғылар орнатудамыз. Осы аптада жағдай тұрақталады деген сенімдемін.

Бурабай кентіндегі жылу беру мекемесі көршілес Оқжетпес ауылын да жылумен қамтамасыз етеді. Келер жылы Оқжетпесте жаңа жылу қазандығының құрылысы аяқталады. Мамандар сол кезде жылу қуаты артып, мәселе толық шешімін табады деп сендіріп отыр.

Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко