Хабар телеарнасы

Көші-қон мәселесі: қаңыраған ауылдар қатары азаймай отыр

Статистикаға қарасақ, жыл сайын ауылдан 50 тіпті 80 мыңға дейін адам көшеді екен. Осының әсерінен кей аймақта маман жетіспеуде. Мемлекет арнайы «Оңтүстіктен-солтүстікке» қоныс аудару бағдарламасын қабылдап, іске асыруда. Оның аралық нәтижесі қандай? Бағдарламада өзгеріс бола ма? 

Ердәулет Ыбырайұлы, шолушы: 
- Жуырда ғана қазақстандықтардың саны 20 млн жетті деп сүйіншіледік. Кім, қайда тұрып жатыр? Қазір қала халқы 12,5 млн жуықтапты. Қалған 7,5 млн ауылда.

Ақтөбе облысы халқының 74% пайызы қалада тұрады. Ұлытауда–80%. Рекорд Қарағанды облысының үлесінде, 81%. Бұған кері тенденция да бар. Кей облыста ауыл халқының үлесі өскен. Мәселен, Алматы облысында қалалықтардың үлесі небары – 16, ал Түркістанда – 25%.

Дегенмен қалаға қоныс аудару үдерісі басым, жыл сайын 50-80 мыңға дейін адам облыс орталықтары мен мегаполистерге қоныс аударады екен. 

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында қазір 6 ауыл бос тұр. 2017-2019 жылдары 33 ауылдың жұрты ғана қалыпты. Биыл еңбек бағдарламасы аясында теріскейге түскейден 2,5 мың адам көшкенімен, аймаққа әлі 5 мыңнан астам маман жетіспейді. Оның мынандай себебі бар:

Назерке Тасқұлова, жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының бас маманы: 
- Бізде 153 елді мекен бекітілген. Яғни олардың инфраструктуралары орташа және жоғары деңгейде. Ешқандай инфрақұрылым жасалмаған болса, яғни ол ауылдарға көшірілмейді. Өйткені бірінші кезекте отбасылардың балалары болады дегендей. Мектептерге орналастыру, өздеріне жұмысқа орналасу және қыс мезгілінде жол болмауы да мүмкін. 

Еңбек бағдарламасы бұл түйткілдің түйінін тарқатуға қауқарлы ма? Сенат депутаты Әли Бектаев бағдарламаны әлі де жетілдіру керек деп санайды. 

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 
- Мен шынымды айтайын, көңілім толмайды ол бағдарламаға. Ол бағдарлама жарым-жартылай жасалынған деп есептеймін. Мысалы, көшіп барған адамға үй алу үшін емес, үйді жалға алуға қаржы бөлінеді. Бұл уақытша ғана мәселені шешудің жолы деп есептеймін. Негізі көшіп барғандарға керек болса мемлекет есебінен үй салып беру керек. Ата-анаңыздан енші алып бөлек шықсаңыз, соның өзі оңай емес. Ал бір өңірден екінші өңірге барып орналасу бұл өте қиын. Бұл әлеуметтік, саяси маңызды мәселе мемлекет үшін. Бағдарламада солай жасалауы керек.

Тілші «Оңтүстіктен-солтүстікке» қоныс аудару бағдарламасы аясында былтыр 6 мың 600 адам жаңа орынға қоныс аударыпты. Биыл көшкендердің саны былтырғыдан 100 адамға кем.

2017 жылдан бері іске асырылып жатқан бағдарлама жыл сайын орташа есеппен 6-7 мың адамға квота береді. Алдағы жылдары қолдау шаралары кеңейе ме деген сұрақтың жауабын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа жылда беруге уәде етіп отыр.