Хабар телеарнасы

Энергетика саласына 15 мыңнан астам маман жетіспейді

Әрі бұл көрсеткіш жыл өткен сайын көбейе беруі мүмкін. Себебі аталған салада жұмыс істейтін қызметкерлердің көбі зейнет жасына жақындаған. Ал жастар энергетик болуға құлықсыз. Бұл жылу электр орталықтарындағы мәселелердің бір парасы ғана. 

Дамир Берікұлы, тілші:
- Қазақстанда қазір 37 жылу электр орталығы бар. Олардың жартысына жуығы мемлекеттік болса, қалғандары жекеменшік. Бірақ қай-қайсы да оңып тұрған жоқ. Себебі әбден ескірген. Тек Астанадағы №3 жылу орталығы ғана жаңа. Ал басқаларының алды өткен ғасырдың 30 жылдары салынса, көбі жарты ғасырдан астам жұмыс істеп тұр.

Сала мамандарының сөзінше, елдегі жылу нысандары орта есеппен 65% тозған. Ал кейбір жылу орталықтарының ескіруі 80% асады. Мәселен, Орал қаласындағы жылу-электр орталығы – 95,3 процентке, Кентаудағы нысан – 92,7, Таразға жылу беретін кәсіпорын – 87,2, Қызылорда жылу мекемесі – 88,5, ал Степногорск жылу орталығы 81,7% көнерген. «Осылайша қазір 20 шақты кәсіпорынның халі мүшкіл», - дейді сарапшылар. Яғни оларда да апаттық жағдайдың орын алуы әбден мүмкін.

Талғат Темірханов, Қазақстан электр энергетика қауымдастығының төрағасы: 
- Алдын ала болжамдар бойынша жылу электр орталықтарын жөндеу үшін жыл сайын 110 млрд теңге қаражат қажет. Бұл - 5 жылға жасалып отырған есеп. Ал коммуналдық мекемелердің негізгі табыс көзі тариф екенін ескерсек, оны көтермей, жаңғыртуға қаржы құю қиын болады.

Астанада еліміздің энергетиктері бас қосып, саланың осы және өзге де мәселелерін талқылады. Мамандар: «тарифті жаппай көтеруге құзырлы органдар рұқсат бермейді. Сондықтан басқа жолдарын ұсынамыз», - дейді.

Мәселен, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға ғана жылу мен жарықты төмен бағада беріп, қалғандарына одан қымбаттау тариф енгізуге болатынын айтады. Себебі көмір мен мазут қымбат, тасымалдау ақысы да жоғары. Салдарынан кәсіпорындар жыл сайын табыс таппақ тұрмақ, шығынға батады екен. Сол себепті олар жеңілдетілген несие болғанын қалайды.

Бағдат Оралов, Орталық Азия электр энергетика корпорациясының басқарма төрағасы: 
- Қазақстандық компаниялар кәсіпорынды жаңғыртуға несие алуда қазір бірқатар қиындық бар. Ірі жобаларды қаржыландыру жоқ емес, бар. Бірақ пайыздық үстемесі өте жоғары. Дәл сол секілді жасыл энергетиканы дамытамыз десек, арнайы несие бағдарламасы іске қосылуы қажет.

Кадр мәселесі де бұл саладағы өткір проблемалардың бірі. Қазір шағын кәсіпорындардың өзіне кемінде 10 шақты маман жетіспесе, ірі компанияларда жүздеген қызметкердің тапшылығы байқалады. Ал жастардың энергетик болғысы келмейді. Себебі еңбекақысы төмен.

Серік Төтебаев, энергетика саласының ардагері: 
- Алматыдағы энергетикалық университет профильный, әдейі дайындайтын теплоэнергетик мамандарын, соған жас балалар бармай жатыр. Енді оны бір технический ма басқаша шешу керек. Оның алдында «Промтехно-энергетика» деген теплосетьке, котельныйларға маман дайындайтын специальность болатын. Ол жабылып қалды.

Елдегі энергетика нысандарының алдында қазір 2025 жылдан бастап ауаға зиянды заттардың шығуын азайтатын жаңа қондырғылар орнату міндеті тұр. «Бұл – жығылғанға жұдырық болды»,- дейді олар.

Одан қалды 2040 жылы көмірмен қызатын қазандықтарды жою қажет. Сол үшін сала мамандары экологиялық міндеттемелерді қайта қарауды сұрайды. Ал Энергетика министрлігінің өкілдері келесі жылы саланы реттейтін арнайы заң қабылданатынын айтады.

Жомарт Әлиев, ҚР Энергетика министрлігінің комитет төрағасы: 
- Бұл проблемалардың барлығын министрлік біліп отыр. Энергетика туралы заңда да олардың шешілу жолын қарастырамыз. Алдағы жылдың басында барлығыңызды аталған заң жобасын талқылауға шақырамын. Түйткілді мәселелерді соған енгізейік.

Одан бөлек электр-энергетика қауымдастығы 2035 жылға дейінгі стратегиялық жоспар әзірлеп жатыр. Онда да саланың сан түрлі мәселесі көрініс таппақ.

Дамир Берікұлы, Азамат Сәметов