Хабар телеарнасы

Жылу энергетика жүйесіндегі іркілістер депутаттарды алаңдатып отыр

Депутаттар дабыл қақты. Ресми статистикаға сәйкес жылу беру нысандары 80% тозған және барлығы дерлік 50 жылдан аса қолданыста. Ал жыл сайын оларды жаңарту, жөндеу жұмыстарының нәтижесі 5-7% аспай тұр. Жыл басында Парламенттегі жоғарғы аудиторлық палата жылумен жабдықтау мәселеріне қатысты нақты жүзден аса жағдай бойынша объективті сын айтып, ұсыныстар берген еді.

Депутат Ерлан Сайыров оған қатысты жауап та, атқарылған істі де көрмегенін айтады. Мәжілісменнің пайымынша, жүйелі кемшіліктер шешілмесе техногендік коллапстың ауылы алыс емес. 

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Өткен жылы жылу саласындағы инфрақұрылымның тозуын азайту мақсатында 160 млрд қаржы бөлсе де, шықырлаған аязға төтеп бере алар емеспіз. Биыл осындай жағдайды қайталауға Үкіметтің еш қақысы жоқ. Олигархтар протекцияны пайдаланып, өздері пайдаға кенеліп, шығынды мемлекет пен халыққа ысырып тастаудың дәстүрін жалғастыру әрекеттерін қойған жоқ. Осыған балта шабу керек.