Хабар телеарнасы

Өскеменде «Әділетті Қазақстан-Адал азамат» атты облыстық жастар форумы өтті

Аталған жиында «Жасыл ел» жастар жасақтарының жаз бойғы еңбектері сараланды. Сонымен қатар IT жобалар көрмесі ұйымдастырылып, кәсібін дөңгелетіп отырған еңбекқор азаматтар ел жұртқа таныстырылды. Форум соңында ең белсенді жастар 7 номинация бойынша марапатталды.

Бүгінгі салтанатты жиында ең белсенді әрі креативті, еңбекқор жастардың есімі белгілі болды. Жастар саясатын дамытуда жан аямай тер төгіп жүрген үлгілі азаматтар 7 номинация бойынша марапатталды. Облыс әкімінің арнайы сыйлығы табысталды. Мәселен, Риддер қаласындағы «Ұлы жоспар» ұйымының жұмысы үздік деп танылды. Өйткені бұл бірлестік жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттап жүр. Соның арқасында қазір 400-ден аса бала түрлі спорттық үйірмелерге қатысады.

Мағжан Жұмабаев, «Ұлы жоспар» ұйымының жетекшісі:
-Біздің құрылғанымызға 3 жыл болды. Өлкедегі жастарды спортқа баулып жүрміз. Бірнеше спорт клубтарын ашып, жабдықтауға ат салыстық. Сондай-ақ жемқорлыққа қарсы түрлі акциялар​ ұйымдастырдық. Мақсатымыз дені сау әрі адал ұрпақ тәрбиелеу. Өзімізден кейінгілерге үлгі-өнеге көрсету.

Жеңімпаздарға дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Осылай жастарды шабыттандыру жоспарланған.

Айдос Әділбеков, ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры:
-Оза шапқан жастарды марапаттаудағы басты себеп - бұл маңызды дүние, өйткені бір жылдың қорытындыларын шығарып, келесі жылға жоспар құру осы жылы өзінің жұмысын үздік қып көрсеткен жастарды марапаттау оларға келесі жылға мотивация береміз.

Облыста бүгінгі күні кәсіпке ден қойған жас көп. Оларға мемлекеттен берілген жеңілдетілген несие мен гранттар - ерекше демеу. 1 млрд 90 млн теңгеге 247 жоба қолдау тапты. Өскемендік Гүлнәр Ережепова 5 миллион теңге несие алып, жеке этно-фотостудиясын ашыпты.

Гүлнәр Ережепова, жас кәсіпкер:
-Өзім ​ қуандым, сол проектіні ұтып алғаныма. Өйткені 2,5% үстіне қосылады, ол рассрочка​ секілді, өте жақсы көмек болды.

Шығыста тың IT идеялар авторлары да көп. Мәселен, биыл Jas projects жобасы бойынша 14 азаматтың жұмысы ерекше бағаланып, олар 14 миллион теңгенің грантын иеленді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов