Хабар телеарнасы

Ақбұлаққа су құбыры тартылды

Семейден 300 шақырым жердегі Ақбұлақ ауылына су құбыры тартылып жатыр. 500-ге жуық халқы бар елді мекен тұрғындары көп жыл бойы ауызсудың азабын тартып келген еді. Жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 463 миллион теңге бөлінген. Қазір ауыл ішіне су құбырлары тартылып, екі резервуар мен су мұнарасы орнатылуда. Тіршілік нәрінің сапасы мен оның халыққа қолжетімді болуын Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында атап өткен. Аймақтағы 30-дан астам елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған. Түйткілді мәселені толық шешу үшін 2025 жылға дейін 52 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Марат Тушаков, мердігер компания өкілі:
-Қазір су жинайтын екі резервуар мен су мұнарасын орнатып жатырмыз. Барлығын қоса алғанда ауылға 550 текше метр су берілетін болады. Жұмысты ай соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.