Хабар телеарнасы

«Саламатты Қазақстан» пойызы Түркістан облысына жетті

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Түркістан облысына жетті. Отырар ауданына қарасты Ақшоқат ауылының тұрғындары таңмен таласа тұрып, білікті дәрігерлерге көрініп, кәсіби мамандардан кеңес алу үшін станцияға жиналды. Мұнда білікті мамандар шалғай ауыл тұрғындарына медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсетуде. Медициналық пойыз сәуір айынан бері еліміздің 15 облысын аралап келеді. 67 мыңнан астам адамды қабылдады.

Зина Нақыпбекова, Отырар ауылының тұрғыны:
- Хирургке кірдім, аяғымды көрсеттім. Жүрегімді түсірдім. Енді УЗИ-ге келіп тұрмын. Көрініп жатырмын, жақсы қабылдап жатыр.

Айнұр Егінбаева, медициналық пойыздың бас дәрігері: 
- Біз науқастың сақтандырылған, сақтандырылмағанына қарамаймыз. Бізде хирург, уролог, неврапотолог, лор, окулист, кардиолог, стамотолог, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, сонымен қатар анализ, флюрадан, УЗИ-ден өте алады. Іш құрылысының экокордиологиясы және электркардиограмма. Осының барлығын тегін түрде бізден келіп өте алады.