Хабар телеарнасы

Байқоңырға кіріп-шығу тәртібі жеңілдейді

Ал Ресейге жалға берілген Байқоңыр қаласына кіріп-шығу тәртібіне өзгеріс енгізілді. Бұған дейін Қазақстан азаматтары жұлдызды қалашыққа кіру үшін рұқсат қағазын кемінде 10 күн күтетін. Сырттан келген қонақтардан Байқоңырда туған-туыстары тұратынын дәлелдейтін анықтама сұралатын. Аталған мәселе Қазақстан мен Ресей үкіметаралық комиссиясында қаралып, рұқсатнама 1 күнде рәсімделетін болып шешілді. Келісім 1 желтоқсанда күшіне енеді. 

Қайрат Нұртай, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі:
-Байқоңыр халқы бұны жақсы қабылдады. Өйткені Қызылорда облысымен, басқа өңірлермен Байқоңыр қаласы етене араласып, тұрғындар туған-туыстарымен араласуы күнделікті болғаннан кейін бұл көптен бері күтілген нәрсе болған.

Тимур Вербицкий, Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының орынбасары:
-Егер қалаға келген азаматтың туысы не жақыны болмаса оларға туристік фирмалар көмектесе алады. Себебі қалаға келгенде қабылдайтын туысы болу керек. Бұндай жағдайда туристік агенттіктер оларға ақылы негізде қызмет көрсетеді. Бұл әрине пилоттық жоба.