Хабар телеарнасы

Шахтадағы апатқа кінәлілер жеңіл жазамен құтылмауы керек

Сенатор Сергей Ершов осылай деп, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Айтуынша, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жекешелендірілгелі бері 40-тан астам апат болған. Кәсіпорынның құрал-жабдықтары әбден ескірген. Ал өндірістік бақылау қызметкерлері анықталған келеңсіздіктерді жасырып әлек. Сондықтан депутат, өндірістік объектілерді жаңарту және қайта жарақтандыру жоспарын құруды ұсынды.

Сергей Ершов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Бүгінде қаупі жоғары салаларға қатысты мемлекет тарапынан қатаң бақылау қажет. Осындай қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар жазаның жұмсақ түрімен құтылып кетпеуі керек. Қылмыстық заңнама нормалары өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді құралының біріне айналуы тиіс.

Жиын тақырыбына ойыссақ. Қазақстан Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымымен ынтымақтастығын нығайтады. Сенат тиісті заң жобасын мақұлдады. Келісім аясында, елдегі денсаулық сақтау саласына 1,8 млн АҚШ доллары бөлінбек. «Бұл қаржы ақшалай емес, консультативтік, техникалық, оқу-ағарту түрінде көрсетіледі»,— дейді бірінші вице-министр. 

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
-Бұл бөлінген ақша қайда жұмсалады? Біріншіден, Қазақстан денсаулық сақтау жүйесін нығайтуына. Әсіресе созылмалы инфекциялық емес аурулармен күресуге, онкологиялық, жүрек қан-тамыр ауруларымен, сонымен қатар түрлі әлеуметтік маңызы бар инфекциялық сырқаттармен күресуге жұмсалады.