Хабар телеарнасы

Allur компаниялар тобы машина құрылысына мамандар дайындайды

Отандық автоөндірістегі көшбасшылардың бірі Allur компаниялар тобы машина құрылысына мамандар дайындаумен айналысып жатыр. Өндіріс орны Қостанай облысындағы кәсіптік оқу орындарының бірін қамқорлығына алған. Қазір Автокөлік колледжінде 1300 студент білім алады. Компания бірнеше жылдан бері өздері құрған Корпоративтік университетте тапшы мамандарды оқытады.

Allur компаниялар тобы Қостанайдағы автокөлік колледжін жөндеуден өткізіп, техникалық базаны жаңартты. Дуальді оқытуды ұйымдастырды. Яғни студенттер зауытта тәжірибеден өтеді. Кейін осында жұмысқа орналасады.

Азат Әбішев, кадрмен жұмыс жөніндегі маман:
-Мен бұрын осы жерден тәжірибеден өткем. Жұмысымды, адамдармен тез тіл табысатынымды байқап қайта шақырды. Қазір электр дәнекерлеушілерді оқытып жатырмыз. Арасында оқуды жаңадан бітіргендер де, жасы үлкен адамдар да бар. Ең бастысы мамандыққа, жаңа бастаған ісіне деген сүйіспеншілік болуы керек.

Allur оған қоса тағы бір жобаны қолға алды. Бір жыл ішінде қазақ тіліндегі машина жасау терминдерінің сөздігін жасап шығарды.

Айгүл Ахметова, Allur компаниясының білім мен ғылымды дамыту жөніндегі кеңесшісі:
-Әр сөзді талқылап аудармасы болса аудардық. Аудармасы болмаса, қарапайым тілмен түсіндіре біліп, сол өндіріске барып ол жұмыс істей ма, істемей ме, әр сөзбен офиспен өндірістің ортасында жүрдік және келген қазақ тобынының балалары мұны бірден қабылдап алды.

Машина жасау зауыты өкілдерінің айтуынша, қолынан іс келетін, еңбекқор жастар аймақта өте көп. Оларға алған білімін өндіріс орнында ұштастыруға жағдай жасалуы тиіс. Қазақстандағы машина жасау өнеркәсібі өндіріс көлемінің, жаңа жұмыс орындарын ашу мен жалақының өсімі бойынша көшбасшылар қатарында. Қазір республикада осы салада 3,5 мың кәсіпорын бар. Онда 115 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Авторы: Қарлығаш Қайыпбекова