Хабар телеарнасы

Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2024 жылы қыркүйек айының 8 мен 14 аралығында елордамызда өтеді. Мұны Туризм және спорт министрі мәлімдеді. Ермек Маржықпаевтың айтуынша, дүбірлі додаға әлемнің 100-ден аса елінен 4 мыңдай спортшы қатысады. Оның сыртында Астанаға 100 мыңнан аса турист келеді деп күтіледі. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұран сөзі – Ұлы дала дүбірі деп бекітілді. Доданың логотипі де дайын.

Еске сала кетейік, көшпенділер ойындары екі жылда бір рет өтеді. Бұған дейін ол Қырғыз елінде 3 мәрте және Түркияда өтті. 

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі: 
- Атап өтетін жайт, ұйымдастыру комитеті халықаралық жарыстарды үнемділік қағидаты негізінде ұйымдастырады, яғни артық шығын шығару қарастырылмайды. Көшпенділер ойындары қазір қолданыстағы спорттық ғимараттарда өтеді, жаңа нысан салу көзделмейді. Мәселен, ашылу салтанаты Астана аренада өтсе, Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында күрес жарыстары, «Алау» мұз айдынында ұлттық ойындар, «Думан» қонақ үйінде дәстүрлі зияткерлік ойындар ал «Қазанат» ипподромында ат жарыстары, көкпар ойындарымен қатар шараның жабылу салтанаты өткізіледі.