Хабар телеарнасы

Мемлекеттік ту көкке көтерілді

Көк тудың желбірегені, жаныма қуат береді... Осы бір әдемі рәсім Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан ғасыр даламыздың түкпір-түкпірінде жалғасты.

Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі саналатын Алматыда Медеу шатқалында биіктігі 40 метр тұғырда, ені мен ұзындығы 7-де 14 метр көк туымыз желбіреді. Тәуелсіздік тарихында оңтүстік астананың орны ерекше, жиналған жастарға осының мәні мен мағынасы түсіндірілді. Салтанатты шарада эстрада әншілері өнер көрсетті.

Егемен елімізбен бірге көркейіп келе жатқан Атырау өңірі де Республика күнін қуанышпен қарсы алды. Ту көтеру салтанатты рәсіміне өңірдің зиялы қауымы, түрлі сала ардагердері қатысты. Жастардың отансүйгіштік қасиетін қалыптастырып, патриоттық сезімін оятуға арналған іс-шара өнерпаздар концертімен жалғасты.

Қызылорда өңірінде Құрмет қарауылы сап түзеген рәміздер алаңында гимн шырқалып, көк байрақ бейбіт аспанда желбіреді. Елдің бірлігін бекемдеп, рухын көтерген мерекеде патриоттық ән орындалып, егемендік декларациясының мән-маңызы жөнінде терең әңгіме қозғалды.