Хабар телеарнасы

Қарағандыда дене шынықтыру диспансері ашылды

Республика күні қарсаңында Қарағанды облысында спортшыларға арналған дене шынықтыру диспансері ашылды. Бұрын өңірде кәсіби спортшылардың денсаулығын кешенді түрде тексерін орталық болмаған. Сондай-ақ салтанатты жиын барысында облыс әкімі әр салада қызмет етіп жүрген жандарға мемлекеттік наградаларды тапсырды. 

Спортта жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін жаттығу процесін сауатты құру және үнемі медициналық бақылауда болу маңызды. Жаңадан ашылған орталықта осы мүмкіндіктер жасалған. Кабинеттер заманауи құралдармен жабдықталса, 36 білікті маман қызмет көрсетуге әзір.

Лилия Таранюк, дене шынықтыру диспансерінің бөлім меңгерушісі:
-Біз әр спортшымен жеке-жеке жұмыс істейміз. Спорттық тамақтанудың талапқа сай болуын, денсаулыққа зиян келмейтіндей етіп арықтауын қадағалаймыз. Үшінші қабатта физиотерапия мен массаж кабинеті бар. Мысалы, спортшылардың біреуі жарақат алған жағдайда осы жерде-ақ оңалтудан өте береді.

Даңқты спортшылар мен әр салада екпінді еңбек етіп жүрген жандар Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында бас қосты. Кенді өлкенің дамуына өз үлесін қосқан азаматтарға «құрмет», «еңбек даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары және мақтау қағаздары табыс етілді. Облыс әкімі үздіктерді марапаттаумен қатар, атқарылған жұмыстар мен жоспарға қысқаша тоқталды.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
-Жыл ішінде 279 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылып, 2 мыңнан астам отбасы үймен қамтамасыз етілді. Көпжылдан бері аяқталмаған 200 орындық балалар ауруханасы іске қосылды. Шалғай ауылдарда 242 ФАБ құрылысын бастап кеттік. Сондай-ақ жайлы мектеп ұлттық жобасы аясында биыл 10 мектеп құрылысы басталды.

Осылайша билік халықпен жұмыла өңірді өркендетуге ынталы. Ал бұл бастамалар жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға сеп болмақ.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.