Хабар телеарнасы

Күзде Ақтөбеден әскер қатарына жүздеген жігіт аттанады

Жыл соңына дейін жалғасатын кезекті шақырту науқаны еліміздің Қарулы күштерін жас сарбазбен толықтыруға негіз болмақ. Ал оларды салтанатты түрде шығарып салу дәстүрге айналды. Отан алдындағы борышын Ақтауда өтейтін 40 жігітке де құрмет көрсетілді. 

Илья Крамарь – әскер қатарына аттанып бара жатқан ақтөбеліктің бірі. Отан алдындағы парызын өтеуге шақырту алғанда еш ойланбастан қорғаныс істері бөліміне жеткен. 19 жастағы жігіт мектептен кейін колледжге түсіп, механик мамандығын меңгеріп алыпты. Енді әскерден соң жоғары білім алмақ ойы бар.

Илья Крамарь әскерге шақырылушы: 
- Барлық тексеруден өттім. Медициналық комиссия денсаулығымның жарамды екенін көрсетті. Енді әскерге кетіп барамын. Бұл ер азаматтың, әрбір қазақстандықтың міндеті деп білем.

Ильямен бірге 39 жігіт Ақтау қаласындағы теңіз-жаяу әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтейді. Оларды шығарып салу үшін ата-аналары, ардагерлер, әкімдік және өзге де қоғамдық ұйымдардың өкілдері келді. Жалпы осы күзде Ақтөбеден мыңға жуық жігіт қарулы күштер қатарына алынбақ. Бүгінге дейін 300 сарбаз аттанған.

Еркінғали Қасенов, ата-ана: 
- Армияға бара жатқан балалар енді дені сау болсын, бәле-жәледен сақтап тек міндетін жақсы атқарып, аман-есен оралсын.

Әділет Отарбаев, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы: 
- Қазір енді біз енді берілген тапсырма біріншіден, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шекара қызметі аяқталды. Қазір Қарулы күштер бар. Одан кейін мемлекеттік күзет қызметі бар сосын, Ұлттық ұлан бар. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда қазіргі таңда бізге азаматтардың әскер қатарына деген ынтасы өте биік, көп және де денсаулық жағынан жағдайлары жақсы.

Күзгі әскер қатарына шақырту мерзімі 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал ел бойынша Отан алдындағы борышын өтеп келген 45 азамат қазір қалаған мамандығы бойынша тегін білім алып жатыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев