Хабар телеарнасы

Ұрланған деректер үшін жауапкершілік күшейе ме?

Азаматтардың жеке деректері ұрланса халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мәжілісте осындай заң жобасы қаралып жатыр. Халық қалаулылары жеке деректердің желіде тарағанына наразылық білдірді. Айтуларынша, бұл үшін ешкім жауапқа тартылмаған. Сондықтан жауапкершілікті күшейту көзделіп отыр. Мемлекеттік корпорация қызметкерлеріне бірден мемлекеттік қызметкер мәртебесін беру ұсынылды. Ал депутат Мархабат Жайымбетов халыққа қызмет көрсету орталықтарын жауып, барлық құжатты, онлайн алу қажет дегенді алға тартты. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталықтарын қысқарту қарастырылып жатқан жоқ. Мемлекеттік қызметтердің 20% орталықтар арқылы көрсетіледі. Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасына сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәртебесін өзгерту көзделіп отыр. Ол мемлекеттік қызметтердің жалғыз операторы мәртебесінен айырылады. Оған Е-Өтініш ақпараттық жүйесі шеңберінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау құзыреті берілмек.

Данабек Исабеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бұл бірыңғай провайдер арқылы көрсетілетін қызмет түрлерін ұлғайту бойынша үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік корпорацияға ақпараттық жүйе аясында өтініштерді қабылдауды ұйымдастыру құзыретін беру ескерілген. Бұл норма азаматтарға әкімшілік органдарға жүгінуге, жауап алуға, сондай-ақ өтініштерді қарау сапасын бақылауға мүмкіндік беретін пилоттық режимде тексерілген жүйені «Е-Өтініш» пайдалануды заңнамалық тұрғыдан бекітеді.