Хабар телеарнасы

Елімізде сауда нүктелеріндегі таразылар тексеріледі

Бұрын тек тауардың өлшемі ғана бақылауға алынып келсе, енді бұл тізім өлшеу құрылғысымен толықты. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бұған халықтан түскен арыз-шағым сеп болған. Ал оған саудагерлер не дейді? Таразылары талапқа сай ма?

Бұл Астана қаласындағы коммуналдық базарлардың бірі. Тұрғындар көп келетін сауда орны. Нысанға кіре сала сатушыларды сөзге тарттық. Олардың бірі «таразылар бұрын тексерілетін, ал қазір оған қарап жатқан ешкім жоқ»,— дейді. Мұны естіген базар басшылығы, шыр-пыр болды. Сөзіне сенсек, құзырлы органдар қарамаса да, өлшеу құрылғыларының дұрыс жұмыс істеуін өздері қадағалап отырады екен. Артынша бұл сөзді қуаттаған сатушылар да табыла кетті.

Ақсұлу Кенжебекова, сатушы:
-Таразы тексерілмей, біз еш сата алмаймыз ғой. Мына жақта контрольный веса, сосын тексеретін жерге апарып тексертеміз. Администрация бар, олар да тексереді. Жарты жылда бір тексеріп тұрады.

Ал халық арасында «сатушылардың көбі таразыдан жейді, салмақтан алдайды» деген әңгіме бар. Бұған олардың өздері не дейді?

Сатушылардың қолындағы таразы мен бақылау таразысының айырмашылығын байқау үшін, яғни, нақты салмақты білу үшін қазір мысалы, мен 1 келі шамасында ет аламын. Мәселен, бұл мұнда салмағы 2,790. Енді осыны алып, қадағалау таразысынан қараймыз. Дәл жаңағы алған етті міне, енді бақылау таразысына қоямыз. Мұнда 2,785 көрсетіп тұр. Аздаған айырмашылық бар екен.

Бірақ осы 5 граммның өзіне сатушы апай қатты уайымдап кетті. Болар-болмас айырмашылықтың неден болғанын жанындағы көршісімен қосылып түсіндіруге тырысты.

Бұл мәселеге бір кезде базар әкімшілігі де араласты. Айтуларынша, таразының өзі салмақты дәлме-дәл өлшей алмайды. Сол үшін де аздаған айырмашылыққа рұқсат етіледі. 

Осылайша бұл базардан қандай да бір кемшілік анықтай алмадық. Бірақ біздің нысанадағы сауда орны басқа болатын. Алайда «саудагерлері таразыдан жейді» деп осы жазда әлеуметтік желіде бейнежазба тараған базар басшылығы түсірілім жасауға рұқсат бермеді. Егер жауапты министрлік тексеріске мықтап кіріссе, жақында оларға да тықыр таянары сөзсіз.

Бауыржан Қасымов, ҚР СИМ комитет төрағасының орынбасары:
-Біздің азаматтарымыздың сатып алған тауардың өлшеміне біздің өңірлік департаменттерге шағымдануға құқықтары бар. Жалпы бұл мемлекеттік метрологиялық бақылау тұтынушылардың арыздарын басшылыққа ала отырып, өлшем бірлігін қамтамасыз ету заңына сәйкес біздің азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Сондай-ақ жалпы осы норманы басшылыққа ала отырып, мемлекеттік метрологиялық бақылау жүргізуге болады.

Ал тексеріс жыл сайын арнайы аттестацияланған мекемелерде жүргізіліп, таразыдан қандай да бір шикілік табылса, кәсіп иесі 790 мыңнан 2 млн теңгеге дейін айыппұл арқалайды.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Самат Сүлейманов