Хабар телеарнасы

Ақтау теңіз сауда портының мәртебесі өзгерді

Араға 5 жыл салып еліміздің басты су айлағы халықаралық деңгейдегі порттар тізіміне қайта қосылды. Еске сала кетсек, Ақтау портының жаһандық мәртебесі 2018 жылы алынып тасталған еді. Ал биыл Мемлекет басшысы теңіз флотын күшейтіп, контейнерлік хаб құруды тапсырған болатын. Бұл өз кезегінде теңіз арқылы өтетін жүк тасымалы көлемінің артуына мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде теңіз портына араб, неміс, үнді және сингапурлық инвесторлар қызығушылық танытып отыр. 

Қайрат Қалиолла, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК көлік логистика бөлімінің бас менеджері:
-Мәртебесі өзгерген Ақтау порты енді жекешелендіруге жатпайды. Яғни толықтай мемлекеттің басқаруында болады. Су айлағын дамыту мақсатында контейнерлік хаб құрылысын 2025 жылы аяқтау жоспарда. Қазір оның техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталып жатыр. Құжат келер жылдың екінші тоқсанында дайын болады.