Хабар телеарнасы

Жылына 4,5 млн тонна қоқыс шығарылады

Үкімет отырысында сондай-ақ қалдықтар мәселесі де қаралды. Рұқсат етілмеген қоқыс орындарының саны бойынша Ақмола мен Қарағанды облысы көш бастады. Былтыр жүргізілген ғарыштық мониторингтің нәтижесі осындай. Жиында оларды жою барысы қаралды. Аталмыш екі өңір бұл жұмысты кестеге сай орындауда. Басқа өңірлерде стихиялық үйінділер аз, бірақ жою көрсеткіші төмен. Мәселен, Абай мен Ұлытау облысында тазалау жұмыстары 10-15% ғана орындалған. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың айтуынша мәселемен бұлай күресу дұрыс емес. Қазір жауапсыз азаматтарға қоқысты полигонға апарып тастағаннан гөрі, кез-келген жерге лақтырып айыппұл төлей салған тиімді болып тұр. Биылдың өзінде 63 мың адам ұсталған. Мәселені шешудің бір жолы ретінде оларға салынатын айыппұлды ұлғайту ұсынылды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Жыл сайын Қазақстанда 4,5 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болады. Мыңдаған стихиялық қоқыс полигондары жағдайды қиындатып отыр. Экология министрлігі әкімдіктермен бірге бірінші желтоқсанға дейін еуропалық озық тәжірибені ескере отырып, қалдықтарды жойып, қайта өңдейтін жаңа зауыттар салу бойынша ұсыныстар әзірлеуі керек.