Хабар телеарнасы

Түркістан облысында азық-түлік қымбаттады

Түркістан облысындағы базарларда соңғы 15 күнде ұн, май, қант бағасы 40-50% өскен. Бұған дейін 7500 теңге тұратын 1 сортты ұнның бір қабы қазір 12 мың теңгеден сатылып жатыр. Бұл әрине, нанның қымбаттауына әкелетіні белгілі.

Ал,100 теңгеден сатылып келген бөлке нанның бағасы қазір 110 теңге. Сонымен қатар сұйық майдың бағасы 2200 теңгеден 2900 теңгеге дейін өссе, құмшекердің 25 келілік қабы 3 мың теңгеге қымбаттады. Бағаның шарықтауы 70-80 мың теңгеге күн көріп отырған көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға ауыр тиюде. Ал өңірдің салаға жауаптылары болса азық-түлік бағасын тұрақтандыру қоры нарықтың 30% ғана қамти алатынын айтады. Базардағы бағаны ауыздықтауға жергілікті биліктің шамасы жетер емес.

Лаура Жанасбаева, облыстық тұрақтандыру қоры департаментінің директоры:
- Қазір әлеуметтік санын көбейту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қазір оны осал топтағы азаматтар немесе әлсіз отбасылар ғана өнімді сатып алуға тиісті деген талап жоқ. Әлеуметтік дүкен жалпы халыққа қызмет көрсетеді. Мейлі қызметкер болсын, мейлі ол зейнеткер болсын, әлеуметтік дүкеннен әлеуметтік маңызы бар тауарларды белгіленген бағада сатып ала алады.