Хабар телеарнасы

Мәжілісмендер құмаройынмен қалай күреседі?

Елімізде қорқорды қоғамдық орындарда тартуға тыйым салынғалы бірнеше жыл болды. Алайда бұқараның 62,5% бұдан әлі бейхабар. «Мейрамханаларда кедергісіз тапсырыс береміз»,- дейді.

Мұндай деректі жуырда Алматы мен Шымкент қаласында өткен зерттеу нәтижесі көрсетті. Әсіресе Шымкентте, респонденттердің 93% қорқор үшін айыппұлға ілігетінін естімеген. Тыйым сатылымға кедергі болмағанымен қоса, саладағы жемқорлық деңгейін де арттырған. «Бірқатар кәсіп иелері үлкен сомада айыппұл төлемес үшін тәртіп сақшыларына пара беруді жөн көреді» ,-дейді зерттеушілер. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін олар акцизді қымбаттатып, қорқорды пайдалану тәртібін заңдастыруды ұсынады. 

Азат Мұхамедиев, зерттеу жобасының үйлестірушісі: 
- Қазақстанға келетін қорқор табактарының 80% контрафакт, контрабандалық табак деп айтады. Акциз Қазақстанда басқа елдермен салыстырғанда өте арзан, осыны реттеу керек. Акциздің бағасын реттейтін болсақ тұтынушыларға да, осы саладағыларға да легализация жасайтын болсақ, бұл мемлекет қазынасына үлкен қаржы түсірер еді. 

Құмар ойын бизнесінде дәл сондай жағдай. 2007 жылдан бері казинолардың қызмет көрсетуіне тек 2 қалада рұқсат етілгенімен, шеті мен шегі жоқ интернет-казино жұмысы әлі де жалғасып келеді. Мәселенің өзектілігі сол әлем елдеріне ортақ проблемаға айналды. Мысалы, Германияда құмар ойынға тәуелді адамдар саны жарты млн жеткен. Елдегі ойынқұмарлар саны да көбеймесе, азаяр емес. Бұған әсіресе жарнама әсер етуде. 3 жылда тек интернет казино жарнамасын қамтитын 13 мыңға таяу материал анықталған. Сондықтан Парламент Мәжілісі бұл мәселені шешуге ниетті. Жуырда электрондық казино мен интернет-казиноны жарнамалауға тыйым салынады. Мәжілісмендер ойын бизнесінің жұмысын реттейтін 3 заң жобасын әзірлеген.