Хабар телеарнасы

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында сантехниктердің орны ерекше

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында сантехник мамандардың орны ерекше. Әсіресе жылыту маусымы кезінде оларға жүктелетін жауапкершілік арта түседі. Оралда Бейбіт Мұханбетов 17 жылдан бері осы салада еңбек етіп жүр. Небір техникалық апатты ауыздықтап, мол тәжірибе жинады. «Бастысы адал еңбек, маңдай термен отбасымды асырап отырмын», — дейді ол. Еңбекқор жан, коммуналдық қызмет тұтынушыларының алғысына бөленген. 

Бейбіт Мұханбетов жеке кәсіпорында жұмыс істейді. Таңмен таласа кілт-құралын алып, өзі жауапты тұрғын үйлердің жертөлесін тексеріп шығады. Қазір жылыту маусымына дайындық пысықталып жатыр. Айтуынша, жауын-шашын күндері біраз қиындық туындайды екен. Әсіресе инженерлік желілері ескірген баспаналарда апат жиі болады. «Сондай кезде түнімен жұмыс істеуге де тура келеді», — дейді ол.

Бейбіт Мұханбетов, сантехник:
-Қазір осы үйді әзірлеп жатырмыз. Басқа үйлердің бәрін өткіздік жылыту маусымына. Қабылдап алды. Енді бұрынғы системаға қарағанды қазір система кішкене қиындау. Отопление болсын, қай-қай жағынан да. Бұрынғы үлкен кісілер біле бермейді мынаны. Адалынан істеуге тырысамыз барған жерде, дұрысын айтып.

Базаргүл Хамитова, қала тұрғыны:
- Тұрғын үй болғасын бітеліп қалатын жерлер, жарылып кететін жерлер болады. Бірақ сол уақытта біздерге қандай көмек керек, соның бәрін жүргізіп отырады. Сол үшін алғысымыз шексіз.

Бейбіттің жұбайы – мұғалім. Олар екі бала тәрбиелеп отыр. Сантехник айына 200 мың теңгеден астам жалақы алады. Ал жұмыстан тыс уақытта өзге де шақыртуларға барып, қосымша табыс табады екен. Өйткені сантехникке сұраныс жоғары. Кейіпкеріміз ұжымға келген жастарға әрдайым қамқор болып, білген-түйгенін үйретуден жалықпайды.

Бейбіт Мұханбетов, сантехник:
- Заманның ағымына қарай жеңіл ақшаға, жеңіл жұмыс жағына қарай қызығады балалар. Көріп жатамыз оны да. Келгісі келмейді. Табысты азсынады. Бірақ барға қанағат дейді ғой қазағым. Бұл жұмысты да істейтін адам керек. Халыққа қызмет қой бір жағынан.

Білікті маманның еңбегі елеусіз қалмады. Қала күні қарсаңында ол «Шаһардың үздік сантехнигі» атанып, марапатқа ие болды. Қоғамда техник мамандарға қай кезде де қажеттілік бар. «Ерінбей еңбек етсе, осы салада-ақ мол табысқа кенелуге болады», — дейді кейіпкеріміз.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов