Хабар телеарнасы

Павлодардағы ірі сауда орындарына адамдардың бет-әлпетін танитын бейнекамералар орнатылды

Павлодар қаласындағы ірі сауда орындарына адамдардың бет-әлпетін танитын бейнекамералар орнатылды. Озық цифрлық жүйе хабар-ошарсыз кетіп іздеуде жүрген және заң бұзушылыққа жол берген азаматтарды анықтауға арналған. Камералардың көмегімен қасақана алимент төлемейтін ата-аналарды да ұстауға болады. Заманауи құралдар жергілікті полиция қызметінің мәліметтер базасына қосылған. Қазір онда іздеудегі тұлғалар мен жоғалып кеткен 150 адам туралы ақпарат бар. Мамандардың айтуынша, пилоттық жоба әзірге облыс орталығында сынақтан өткізіліп жатыр. 

Арман Қаптаев, қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары:
-Бейнекамераларға іздеуде жүрген немесе күдіктілер түсіп қалса, дабыл бірден сауда үйінің қауіпсіздік қызметіне және полиция бөлімшелеріне түседі. Бұған небары 5-10 минут кетеді. Тәртіп сақшылары оқиға орнына дереу жетіп, күдіктіге қатысты тиісті шара қолданады. Озық жүйе қауіпсіздік шараларын нығайтумен қатар, тәртіп сақшыларының жұмысын жеңілдетпек.