Хабар телеарнасы

Қазақстандық жекеменшік емханалар дабыл қақты

Ондағы дәрігерлердің сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі тіркелушілерінің саны 10 мың адамнан кем медицина нысандарын міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасуға тыйым салып отыр. Мемлекеттен тапсырыс алмаған соң жүздеген емдеу мекемесі күнін көре алмай, жабылып тынады. «Салдарынан 1 млн жуық адам далада қалуы мүмкін», - дейді олар. Аталған жаңа ереже, нақтырақ айтсақ ведомстваның №106 бұйрығы осыдан 2 ай бұрын жарық көрген. Белсенділер содан бері бұл мәселені бірнеше рет көтергендерін айтады. Алайда нәтиже түгіл, жауаптылар тиісті назар да аудармапты. Біз де аталған сұрақ бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне сұрау салдық. Бірақ әзірге ешқандай жауап жоқ.

Виктор Тильман, жекеменшік медицина мекемелері қауымдастығының мүшесі: 
- 2022 жылғы норматив бойынша 1,5 мыңнан астам тіркелушісі бар мекемелер әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасай алатын. Енді сол ережені қиындатып отыр. Облыс орталығындағы емханалар 10 мың адам жинауы мүмкін. Алайда шағын қалаларда бұл үлкен мәселе. Қазір ел бойынша ондай 127 нысан бар. Енді олардың күні не болмақ?

Осы мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрлігіне сұрау салдық. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Сәбит Ахметовтің айтуынша жеке емханаларға талапты күшейтудегі мақсат – олардың жұмысына кедергі келтіру емес, емделушіге зиян тигізбеу. Жаңа ереже медициналық мекемелер арасында қаржыны тиімді бөлуді қамтып, пациенттердің қолжетімді, сапалы және уақтылы медициналық көмекке қол жеткізуін көздейді.