Хабар телеарнасы

Каспий жағасында демалушылар көбейді

Маңғыстау өңірінде жыл басынан бері 42 мыңға жуық турист демалған. Қазір теңіз жағалауында 99 қонақүй жұмыс істеп тұр. Барлығы лық толы. Туристердің дені Ресей, Еуропа, АҚШ, Африка елдерінен келген екен. Шетелдіктерді не қызықтырады? 

Тамыздың басында Ақтауда оқушылар арасында шахматтан халықаралық командалық чемпионат өтті. Ақыл-ой жарысында 53 мемлекеттен келген 400 аса өрен бағын сынады. Дүниежүзінде мұндай сайыс алғаш рет ұйымдастырылғанын айта кету керек. Кайман аралдарынан келген оқушылар да бар. Жас буын өкілдері Каспийдің сұлулығына таңдана да тамсана қарағандарын жасыра алмады.

Айсаак Олуборот, оқушы (Нигерия): 
- Каспий жағасындағы қалаға жеткенше бірнеше рет ұшақ ауыстырып міндік. Шаһар шағын әрі әдемі. Жолда шаршағанымызға қарамастан, бірден жағажайға бардық. Ақтаудың теңізді бойлай жартыаралда салынғанын естіп, қайран қалдық. Қазақтардың қонақжайлығына ризамыз.

Каспий жағалауы көпшіліктің сүйікті орны. Әсіресе кешкі мезгілде адам қарасы қалыңдайды. Соңғы жылдары жағажайда дәмхана-мейрамхана саны күрт өсті. Сәйкесінше, мемлекетке түсетін салықтық төлемдер де біршама артқан. Атырау тұрғыны Ұлболсын Қозбаева теңізге шомылып, жағалауда демалу үшін жылда келіп тұрады екен.

Ұлболсын Қозбаева, Атырау қаласының тұрғыны:
- Ресторандары да, қызмет көрсетуі де жақсы. Сосын жағажайда барлық жағдай жасалған әрі таза. Негізі 23 кетіп қалатынбыз, соны 7 күнге тағы создырдық. Бәрін көріп қайтқымыз келеді.

4а шағын аудандағы «Жартасты соқпақ» жағажайы – Ақтаудың көрнекті жерінің бірі. Ұзындығы 7 шақырымдай туристік орын күн бата түрлі-түсті шамдар жарығына бөленіп, алыстан көз тартады. Көше музыканттары әсем әндерді әуелетіп, көпшілікке көтеріңкі күй сыйлауы үйреншікті көрініске айналды.

Ислам Қаймолдаев, Ақтау қаласының тұрғыны: 
- Теңіз жағасына келгіміз келіп тұрады. Міне, балаларды алып келеміз. Қандай атмосфера. Елмен бірге билейміз. Көңіл көтереміз.

Қала сыртындағы «Жылы жағажай» курорттық аймағында 25 туристік нысан тәулік бойы жұмыс істейді. Жаз басталғалы бері шетелден келген турист көптігінен жергілікті атқарушы органдар 50 тарта гид-маманға жедел курс оқытқан.

Гүлсім Жариева, облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы: 
- Салт-дәстүрімізді көрсету үшін 17-28 шілде аралығында біз 45 гидті және экскурсоводты оқытудан өткіздік. Сертификат берілді. Қазақстан туристік қоғамдастығымен осы жоба жүзеге асырылды. Өте жоғары деңгейде өтті.

Туристер Маңғыстау өлкесінің сакральды орындарына ерекше қызығады. Қыс-жаз болсын Ақтауға демалуға келген адамдар қасиетті жерлерге, соның ішінде әлемге әйгілі Бозжыра шатқалына баруға тырысады. Жүрдек көлікке мініп, дала сүрлеуімен жетуге құмар жиһангез қатарының көбеюіне орай 30 туристік бағдар бойынша жол сілтегіш тақталар орнатылып жатыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев