Хабар телеарнасы

Екі аяғынан айырылған паралимпиадашы спринтте топ жаруға ниетті

IT инженері паралимпиадаға қатысып, жеңіл атлетикадан 200 метрлік спринтте топ жаруға ниетті. 2011 жылы жол апаты салдарынан екі аяғынан бірдей айырылған Айсұлу Сүлейменова жеңіске жететініне сенімді. Жүгірумен айналысқанына көп болған жоқ, бірақ қазірдің өзінде ол спорт шеберіне үміткер. Бұған дейін пара волейболдан ұлттық құрамада өнер көрсеткен IT маманы қазір белсенді жаттығуды бастап кетті.

Айтпақшы Атымтай жомарт адамдарға құлаққағыс. Айсұлу ауыр жаттығулардан шаршаған емес, тек аяғындағы протез тозып барады. 

Бұл қазіргі Айсұлу. Спортшы. Ал 12 жылдай бұрын оның тағдыры дейін және кейін болып өзгерді. 2011 жылы Айсұлу мінген автомашина электр бағанасына соғылады. Жаралы қыз көліктен шыққан бойда жерде жатқан тоққа түсіп, аяқтарын зақымдайды. Дәрігерлерде ампутациядан басқа амал қалмапты.

Айсұлу Сүлейменова, жеңіл атлетика және волейболдан параспортшы: 
– Мен жаспын ғой, ол уақытта студентпін. 20 жасымда. 20 жаста аяқтан айырылу деген маған өте басқаша әсер болды. Мен болды жағдайлар мен ешкімді көргім келген жоқ.

Бірақ Айсұлудың сағы сынбады. Қос аяқтан бірдей айырылдым, енді қалай өмір сүрем деп күйзелуге айналасы мүмкіндік берген жоқ.

Айсұлу Сүлейменова, жеңіл атлетика және волейболдан параспортшы:

- Моральная поддержка деп айтады ғой. Жақсы. Өте керемет. Мен айтамын мүмкін сол жақындарым мен достарымның арқасында мен осылай тұрып жүгіріп кеткен шығармын деп.

Сымбат Әбдірахман, құрбысы:
- Ол өзі айтты: «Сендер ойламаңдар, мен аяққа тұрамын. Мен сендерден тез жүгіретін боламын» - деп айтқан.


Айсұлу Сүлейменова, жеңіл атлетика және волейболдан параспортшы:
- Құдайға шүкір, Аллаға шүкір, мен қазір жүгіріп жүрмін.

Айсұлу бірнеше жылдан пара волейболдан қыздар ұлттық құрамасының ойыншысы. Биыл Азия чемпионатына қатысып келді. Енді жеңіл атлетикадан спринтер болғысы келеді.

Айгүл Ржанникова, жеңіл атлетикадан жаттықтырушы: 
- Маған танысым хабарласып, бір қызды жаттықтыруды сұрады. Мен оның протезбен жүретінін естіп, бас тарттым. Себебі бұған дейін мүмкіндігі шектеулі адамдарды жаттықтырып көрмегем. Қорқыныш болды. Бірақ ол өзі үшін ғана жаттығады деген соң келістім. Ол спринтер болғысы келеді. Оның талпынысы, жаттығудың қиындықтарын тез еңсеруі менің өзге шәкірттеріме кермет мотивация. Ал мен үшін бапкерлік өмірім қайта басталғандай.

Айсұлу ұлттық компанияда 2015 жылдан бері ІТ инженер. Бір ұл тәрбиелеуде. Биылға дейін ол аяғының жоқтығын жасырып келсе, қазір көңілдегі кірбің мен уайымнан мүлде арылған.

Айсұлу Сүлейменова, жеңіл атлетика және волейболдан параспортшы:
- 10 жыл бойы ұзын шалбар киіп, ұзын юбка киіп, ұзын көйлек, жауып жүрем. Жұмысымда да мені 5 жылдай ешкім білген жоқ. Кейбіреулер артқа бұрылып, суретке видеоға түсіретіндер бар. Бірақ мен оны, өзімді қабылдағаннан кейін олардың қарағанын байқамайды екенмін.

Ендігі мақсат жаңа меже – паралимпиадаға қатысу. Айпақшы жалдамалы пәтерде тұратын спортшы қыз, баспана мәселесін чемпиондық жүлдемен шешемін деп күліп алды. Ал шындығына келсек:

Айсұлу Сүлейменова, жеңіл атлетика және волейболдан параспортшы:
- Әр тренировкадан кейін өзімді мықты адам сезінемін. Сол менің рухымды нығайтады. 

Спортшы болу қып-қызыл шығын. Мәселен:

Айсұлу Сүлейменова, жеңіл атлетика және волейболдан параспортшы:
- Мынау 16 млн тұрады. Беговой протезбен мен жүгіре аламын. Анау бытовой протез.

Спорттық протезді қоғамдық ұйым ұйытқы болып, ақша жинап алып берген. Қазір күнделікті тұрмыста киетін протезі тозыпты. Ол да миллиондаған теңгемен шешілетін мәселе. Қазақтың көк туын әлемдік додада желбіретуге шындап бекінген қайсар қыздың талпынысына жомарт жандар үн қоса алатынын еске саламыз.

Авторы: Берік Дүйсенбай