Хабар телеарнасы

Су ресурстарының 80% өзге ел аумағынан келеді

«2030 жылы су тапшылығы 40% жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үндемдеуге көшуіміз керек». Президент өз жолдауында осылай деген. Көп күттірмей, биыл-ақ Жамбылда тіршілік нәрінен тарыққан 400 тарта диқан шығынға батты. Оларға тиісті көмек көрсету үшін есеп-қисап жүргізіліп жатқанмен шаруалар қаржы емес, қалған егінің аман алып қалу үшін ең алдымен, cу сұрайды. Ал бұл саладағы жағдай қалай? Су тапшылығы жағдайында қандай амал-әрекет ұтымды? Т

Еліміздегі су ресурстарының 80% өзге ел аумағынан келеді. Қырғызстан аумағынан су белгіленген мөлшерден аз түсуінен кейін Жамбыл облысында тапшылық туындағаны белгілі. Облыстың 6 ауданын құрғақшылық қыспаққа алды. «Жергілікті кей шаруалардың суды үнемдеуге көшкені байқалды»,- дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі. Енді субсидиялау жүйесіне өзгерістер енбек. Ескі әдіспен суарған шаруаларға 3 жыл бойы кезең-кезеңмен субсидия көлемі қысқарады. Ал суды үнемді пайдаланып, заманауи суару әдісіне көшкендерге керісінше қолдау көбейеді.

Дамир Аспан, ҚР АШМ ресми өкілі: 
- Инвестициялық субсидиялау шеңберінде фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ оның үстіне мынау су алу және су бұру жөніндегі негізгі инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50% өтелетін болады мемлекет тарапынан. Сонымен қатар шаруаларды одан әрі қолдау мақсатында суару үшін ұңғыманы бұрғылау кезінде субсидия нормативі 50%- 80% дейін көтеруді көздеп отырмыз. 

Суды үнемдеуді ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен бастаудың маңызы мынада. Республикадағы су көлемі жылына 25 млрд текше метр. Соның 15 млрд текше метрі ауыл шаруашылығына керек. Гидронысандар мен инфрақұрылым айтарлықтай тозған. Сондықтан судың 40% құмға кетеді. Үнемдеумен-ақ мәселе шешілмесі анық. «Ендігі амал – Cу Кодексіне өзгеріс енгізу»,-дейді мамандар. Қолданыстағы құжат 20 жыл бұрын қабылданған. 110 жуық өзгеріс енгізілген, мақсаты сол күйі суды үнемді пайдалану емес, экономикалық пайда көру болған.

Сәкен Әтел, ҚР ЭМ Cу ресурстары комитетінің су ресурстарын реттеу және есепке алу басқармасының басшысы: 
- Бүгінгі күні Президент тапсырмасына сәйкес, Су Кодексінің жаңа редакциясы дайындалып жатыр. Бүгінгі күні ол мемлекеттік органдарға, ұйымдарға келісуге жіберілген. Олардың ескертулері мен ұсыныстары келіп түсті. Қазір сол жобаны келіп түскен ескертулерге сәйкес түзетулер енгізіліп жатыр. Және жоспар бойынша 2023 жылдың соңына дейін Парламентке қарастыруға енгіземіз деп отырмыз.

Сонымен қатар су ресурстарын кешенді дамыту бойынша 2023-2029 жылдарға тұжырымдама әзірленуде. Соған сәйкес су ресурстары объектілерін реконструкциялау, жаңа су қоймаларын салу, цифрландыру, тарифті өзгерту бойынша жобалар іске асады. Алайда су саласындағы сарапшы Ерлан Бадашев жұмысты су өлшемінен бастаған жөн деп санайды.

Ерлан Бадашев, сарапшы: 
- Жер үсті суы жылына 100 текше км куб деп айтамыз, 46% басқа елден келеді, 50% өз елімізден келеді. Ал бұл деректер былай қарасақ осыдан 20 жыл бұрынғы деректер. Қазір судың өлшемі жоқ, өлшеуі жоқ. Есеп болмаған соң есептейтін маман жоқ.

Жер асты суының қорын тап басып болжайтын маман жетпейді. Гидрдрогеологтардан бөлек арнайы оқыту орны болмағандықтан, гидротехник-инженерлердің де қатары сиреген. Бұл мәселені шешу үшін Президент тапсырмасына сәйкес су саласына қажетті мамандарды даярлайтын базалық университет ашылады.

Авторлары: Дана Әлиева, Айбын Құсанбеков