Хабар телеарнасы

Жамбыл облысындағы шаруалар шығынға батты

Қуаңшылықтан егісі қураған Жамбыл облысындағы шаруалардың шығыны 7 миллиард теңгеге жетуі мүмкін. Қазіргі есеп бойынша 6 аудандағы 347 қожалық зардап шеккен. 6 тамыздан бастап Қырғызстаннан берілетін тіршілік нәрі толықтай тоқтатылды. Шаруаларды сусыз қалдырмау үшін «ҚазСуШар» мекемесі Қырғызстандағы 40 шақырым дренажды каналдарды тазалауда. Нәтижесінде қазір диқандарға 5-8 текшеметр аралығында су беріліп жатыр. Жауаптылар: «Осы арқылы қалған қызылша мен пиязды барынша сақтап қаламыз»,— дейді. Қырғыз тарапы келер жылы Киров су қоймасынан берілетін су көлемін азайтпақ. Ал облыс билігі су шығындарын азайту үшін каналдарды бетондау жұмыстарына кіріспек. Осы бағытта 56 жоба әзірлеген. 

Қанатбек Мәдібеков, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
-Ұңғымаларды қазған шаруалардың шығынын 80% дейін өтеп беру жөнінде қазір ереже қарастырылу үстінде. Оның ішінде ұңғыма қазумен бірге инфрақұрылымды жеткізіп беру де қоса саналатын болады. Бұл шаруалар үшін үлкен құрмет. Біз енді егістің көлемін азайтпаймыз. Өйткені, біріншіден, су жетпейтін жерлерді тәліми жер ретінде пайдалануға болады. Екіншіден, біз мынау тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларына қатысты ынталандыру жұмыстарын жүргізудеміз.