Хабар телеарнасы

Павлодар облысында 10 қазандық жөнделеді

Екібастұз қаласында жылу маусымына дайындық жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр. Шаһардағы коммуналдық желілер мен жылу электр станциясындағы жөндеу барысымен еліміздің Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев танысты. Мемлекет басшысы осы өңірге жұмыс сапары кезінде жауаптыларға жөндеу жұмыстарын сапалы және уақытылы аяқтауды тапсырған еді. Биыл қаланың жылу электр орталығындағы стратегиялық нысанның 10 қазандығын жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта екі қазандық дайын. Айта кетейік, жылу электр станциясын жөндеу жұмыстарына Үкімет резерві есебінен 7,4 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі күні ішкі және магистральдық желілердің 80% астамы дайын. Жөндеу жұмыстары 10 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарланған.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
-Еліміздің энергонысандарының жылу маусымына дайындығын бағаладық. Әзірлік деңгейін үш категорияға бөлдік. Бірінші топқа дайындығы 70% болатын жылу электр станцияларын жатқызамыз. Солардың қатарында Екібастұздағы орталық бар. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстарының тең жартысы аяқталды. Қорқыныш жоқ.