Хабар телеарнасы

Алматыда дағдарыс орталығы іске қосылды

Жаңа оқу жылы қарсаңында студенттерге арналған дағдарыс орталығы іске қосылды. Мұндай орындар еліміз бойынша Астана, Алматы және Шымкент қаласынан ашылды. Оған қоса әрбір жоғары оқу орнының жанынан ахуал орталығы құрылды. Мұның барлығы үлкен қалаларға білім іздеп келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз етудің қамы.

Еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдерінің айтуынша, биыл ешкім далада қалмайды. Тіпті ұшақтан, поездан түскен түні қонып шығуға орын тауып береміз ,- деп отыр. Расында биыл үш мегаполисте алғаш рет дағдарыс орталығы жұмысын бастады. Алматыда мұндай орталық Логистика және көлік академиясының ғимаратында орналасқан. Астана мен Алматыда 30, ал Шымкентте 20 орынға лайықталған. Бұл жерде студент жатақханаға орналасқанша 1-2 күн түнеп шыға алады.

Ақерке Абылайхан, ҚР ҒЖБМ комитет төрағасының орынбасары: 
- Мысалы, бала түн ішінде келуі мүмкін. Бірақ бір күндік жатын орны жоқ. Студенттер далада қалмас үшін жұмыс жасайды кризисный орталық. Бүгінгі таңда әр университет студенттер жатақханасымен қамтамасыз етуге міндетті. Университет Қазақ логистика және транспорт академиясында ашып отырған себеміз бұл жерде университет студенттеріне орын жеткілікті . Бұл жерде дефицит емес, профицит.

Дағдарыс орталығымен қоса әрбір жоғары оқу орнында ахуал орталығы жұмыс істеп жатыр. Телефон нөмірлері университеттің әлеуметтік желідегі парақашасында көрсетілген. Яғни ахуалдық орталық студентке университеттің алгоритміне сәйкес ақпарат береді.

Думан Иманғалиев, академия өкілі: 
- Егерде басқа жоғары оқу орындарынан студенттерге жатақхана жетпеген жағдайда осы телефон номерге хабарласып, не болмаса осы жерге келіп өз мәселесін шеше алады. Яғни дағдарыс орталығында академияда немесе басқа студенттерге кризисный орталық дейді ғой, сол жерге бір-екі күнге орналасуға көмектеседі.

Студенттер жатақханаға өтінішті онлайн түрде жіберсе де болады. Жауабы 1 күн ішінде беріледі. Ал жатақхана жетпеген жағдайда хостелге орналастырады. 2-курс студенті Тоқтархан Қабен биыл екінші жыл хостелде тұрып жатыр. Тіпті жұмыс істеймін деп ауылына қайтпай осында болған.

Тоқтархан Қабен, 2-курс студенті: 
- Хостелде тұрып жатырмын. Жатақханадан кем емес. Сағат 11 кейін комнатадағы балалар бар ма, жоқ па тексереді. Жаман емес. Квартираға 300-400 мың төлегенше хостелге төлеген артық. Университет алыс емес. Метро бар. 5-ақ минут жерде.

«Кәсіпкер Сәуле Стамбекова ата-аналар балалары үшін алаңдамаса болады»,-дейді. Хостелде тек қана студенттер тұрады. Сырттан бөтен адам келмейді. Кір жуатын орын мен ас бөлмесі бар. Төсек жаймасы беріледі. Тіпті аптасына бір рет өздері жуып береді.

Сәуле Стамбекова, кәсіпкер: 
- Балалардың әрине, уақтылы келуі орнында болуы біз үшін маңызды. Сондықтан балаларды тексеріп, қадағалап, ата-аналардың тыныштығы үшін, қауіпсіздігі үшін қадағалап жұмыс жасап жатқан ойымыз бар. 11 есік жабылады. Ішінде ішінара жұмыс жасайтын студенттер жұмыс жасайтын жерде справка алып көрсетеді.

Алматы қаласы бойынша қыркүйекке дейін жаңасы бар, қайта жасалғаны бар 5 жатақхана қолданысқа беріледі. Бұл дегеніңіз 1600-ге жуық орын. Оған қосымша жыл соңына дейін дәл осындай 14 нысанның құрылысы аяқталып, 4 мыңға тарта студент жатақханаға орналасады.

Еске сала кетейік, жатақханада тұратын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар мен мүгедектігі бар студенттерге өтемақы төленеді. Оның көлемі жылына 29 айлық есептік көрсеткіш.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов