Хабар телеарнасы

Қостанай облысына 1700 тонна сұйытылған газ жеткізілді

Қостанай облысындағы жанар-жағармай бекеттерінде сұйытылған газ сатыла бастады. Бұған дейін көгілдір отын тек талонмен берілетін. Өңірге шамамен 1700 тонна өнім жеткізілді. Бұл тамызға жоспарланған газдың бір бөлігі. Айдың соңына дейін қалғанын алып келеді. Жыл басында қаржылық қиыншылықтарға байланысты газ құю бекеттері жоспарланған отынды сатып алудан бас тартып, қолдағы бар газды сатты. Алайда жаз айларында сұраныс артып, қордағы отын жетпей қалады. Оның үстіне «Қарталы-Рудный» магистарльды газ құбырындағы жөндеу жұмыстары мен теміржол цистерналарының кешігіп жетуі жағдайды одан әрі ушықтырып жіберген. Қазір бірінші кезекте Қостанайдағы және жақын қалалардағы бекеттер газбен қамтамасыз етіліп жатыр. Келесі партиясы облыстың оңтүстік өңіріне жіберіледі.

Алмат Ғаббасов, облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасының басшысы: 
- Облысқа тамыз айына 5500 тонна сұйытылған газ бөлініп отыр. Соның 30 цистернасы яғни мың тонна газ жолда келе жатыр. Қазір қолымызда 500 тонна бар. Тек талонмен ғана босату керек деген талапты алып тастадық. Логистика мәселесі де күнделікті бақылауда. Бұған дейін газды зауыттан Қостанайға жеткізу үшін 10 күн кетсе, енді 4-7 күнге қысқарды.