Хабар телеарнасы

Ақмола облысында 9 әкім сайланды

Ақмола облысында жергілікті тұрғындар тоғыз ауылдың әкімін сайлады. Дауыс беруге құқылы ауыл халқының 50% өз таңдауын жасады. Сайланған тоғыз әкімнің 4-і саяси партияның атынан додаға түссе, 5-і өзін-өзі ұсынған. Жаңа ауыл басшыларының үлкені биыл 60-қа толса, ең жасы 30-да. Жалпы аймақта 28 сайлау комиссиясы жұмыс істеді. «Халықтың белсенділігі әр жерде әртүрлі болды», — дейді жауаптылар. Мысалға Сандықтау ауданына қарасты Барақпай ауылдық округі тұрғындарының 96% дауыс берген. Ал Ақкөл ауданы халқының тек 12% өз таңдауын жасапты. 

Алмас Қорғанбеков, Көкшетау қалалық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы:
-Сайлау барысында ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ. Ал сайланған жаңа әкімдер өз жұмысына аумақтық сайлау комиссиясына тіркелгеннен кейін кіріседі. Тіркеу жұмыстары жеті күн ішінде жүргізіледі.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында 32 ауыл және бір аудандық маңызы бар Тайынша қаласына жаңадан әкім сайланады. Саяси науқан өңірде 27 тамыз күні өтеді деп жоспарлаған. Қазір оған дайындық қызу. Жауаптылардың айтуынша, барлығы 109 кандидат ұсынылыпты. Оның алтауы ҚР мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкес келмеген. Тағы екеуі тиісті құжаттарын дер кезінде өткізбеген. Нәтижесінде, 101 кандидат тіркеуден өтті. Оның 28-і саяси партиялардан болса, қалғаны - өзін-өзі ұсынғандар. Саяси науқан өтетін елді мекендерде 102 сайлау учаскесі жасақталған. 50 мыңнан астам адам өз таңдауын жасайды.