Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында тыңайтқыш зауыты іске қосылады

Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндіретін ірі химиялық кешен іске қосылады. Өңірге іс-сапармен келген Премьер-Министр Әлихан Смайылов «ЕвроХим-Қаратау» компаниясы жүзеге асырып жатқан нысанның құрылысымен танысты.

Аталған компания тау-кен өндірісі кешенінің базасында жылына 660 мың тонна фосфорит өндіруді жолға қойған. Сондай-ақ жылдық қуаттылығы 640 мың тоннаға дейін орташа ұсақтау және майдалау торабы салынып отыр. Инвестиция көлемі – 126 млн доллар. Жобаның екінші кезеңі аясында тыңайтқыш өндіретін химиялық кешеннің құрылысы басталды. 1 млрд долларға дейін тікелей инвестиция тарту көзделіп, жоба іске қосылған соң 1200 жаңа жұмыс орны ашылмақ. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі: 
- Ішкі нарыққа шығу мүмкіндігі сіздерде болады. Оның сыртында әлемде минералды тыңайтқыштарға сұраныста баға жоғары. Сондықтан межеленген көлемдегі өнімге шығыңыздар. Біз Үкімет сіздердің сұрауларыңыз бойынша газбен қамтамасыз ету мәселесін әкімдікпен бірге шешіп жатырмыз. Трансшекаралық төлем жасаудың жайын әріптестерімізбен біржақты қыламыз. Ал сіздердің міндеттеріңіз – жобаның іске асуын жеделдету.