Хабар телеарнасы

Елордадағы Қажымұқан стадионы қалыпқа келтіріледі

Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионды қайта салуға 13 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады. Қаражат республикалық бюджеттен бөлінбек. Аталған спорт нысанын қалыпқа келтіру жұмыстары 2021 жылы басталу керек болатын. Алайда түрлі себептерге байланысты құрылыс кейінге қалдырылып келді. 

Бұл стадион біраз уақыттан бері қараусыз қалған. Бірақ соңғы кезде жергілікті билік оған қайта көңіл бөле бастады. Елордалық белсенді жастардың бірі Нұрсұлтан Қамзебаевтың айтуынша, бұл нысанның қала тұрғындары үшін маңызы айрықша. Спорттық шараларды былай қойғанда, 1998 жылы жаңа астананың таныстырылымы осы жерде өткен.

Нұрсұлтан Қамзебаев, қала тұрғыны: 
- Астаналықтардың көбі үшін бұл қымбат нысан. Сондықтан да оған бәрі алаңдаулы. Себебі, әкімдік бұл жердің тағдыры жайлы тіс жармай келді. Одан қалды оны апатты жағдайда деп шығарды. Ал бұл көпшіліктің көңілін одан сайын күпті ете түсті. Енді міне, ақырында жөнделетін болды. Стадион қалыпқа келтірілсе, ішкі туризм мен спорттың дамуына сеп болады деп ойлаймын.

Жоспар бойынша жаңа арена барлық заманауи талаптарға сай келеді. Жаңа жобаға сәйкес жеңіл атлетикалық жолақтар алынып, стадион аумағы кеңейтілмек. Ал трибунаны жөндеу мүмкін емес. Сондықтан бәрі жаңадан салынады.

Дамир Ғабдуәлиев, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: 
- Біз ескі стадионды толықтай сүріп тастаймыз. Ал жаңасы сыйымдылығы 4500 адамдық УЕФА талаптары бойынша 3-деңгейлі стадион болады. 10 мың адам сыятын нысан салуға да болар еді. Бірақ УЕФА-ның талаптарына сай келмейді. Сол себепті онда түрлі чемпионаттарды өткізуге болмайды. Ал бізге бос тұратын стадион керек емес.

Жаңа нысан бой көтерсе, ол бұрынғы «JENIS» футбол командасының тұрақты алаңына айналар еді. Команда мүшелері қазір содан үмітті. Айта кетейін, бір кездері тарап кеткен құрама жақында қайта жасақталды. Астаналық клуб енді қатарға қосылуға әзір.

Ахмад Амиров, «JENIS» ФК атқарушы директоры: 
- Бұл біздің киелі мекеніміз. Кезінде осы стадионның дүрілдеп тұрған уақытында біздің команда да осы жерде талай әдемі ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен қуантты. Жалпы қазір қалада спортпен айналысатындар көбейіп келеді. Сондықтан жаңа стадиондар аса қажет.

Әкімдіктегілердің айтуынша, нысанның құрылысы жыл соңына дейін басталып, 2025 жылы аяқталады. Ең бастысы – ол сапалы салынса болғаны. Себебі осыдан бірнеше жыл бұрын миллиардтаған қаржыға тұрғызылған «Түркістан арена» стадионы алғашқы нөсерде-ақ сыр берген болатын.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Ратмир Әубәкір, Нұрлан Малгелдинов