Хабар телеарнасы

ШҚО-да төрт ауыл ауызсусыз қалуы мүмкін

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданына қарасты төрт ауыл ауызсусыз қалуы мүмкін. Жүздеген тұрғыны бар елді мекендердегі орталықтандырылған су жүйесі істен шығуда. Бұл жағдайды тұрғындар Ертіс өзені деңгейінің төмендеуімен және инженерлік желінің тозуымен байланыстырады. 

Десе де ауыл тұрғындары мәселені шешуге қауқарсыз. Коммуникацияны қалыпқа келтіру үшін қыруар қаржы керек.

Валерий Корнеев, Первомайский кентінің тұрғыны: 
- Су құбырлары тесіліп жатыр. 10 метр сайын ақаулар анықталды. Оған қоса кей жерлері шіріп кеткен.

Елді мекендегі орталықтандырылған жүйенің жағдайы осындай. Құбырлар шіріп кеткендіктен, судың түсі өзгеріп, сапасы нашарлаған.

Бұл сорғы станциясы суды Ертістен алып, тазартады. Өзеннің деңгейі төмендесе болды, тіршілік нәрін тарту қиындай түседі. Бұған дейін ауылды ауызсумен қамту үшін артезиан ұңғымаларын пайдалану мәселесі көтерілген. Алайда экологиялық жоба аяқсыз қалды.

Николай Микенин, Первомайский кентінің тұрғыны: 
- Бұл мәселені 8 жыл бұрын көтердік. Жерасты суын тарту қажеттігін шенеуніктерге сан рет айттық. Нәтиже жоқ. Біз күтуден шаршадық.

Өзекті мәселе жергілікті биліктің жіті назарында. Алдағы уақытта жаңа сорғы станциясын салуға қаражат бөлінеді. Бірақ жобаны іске асыруға кем дегенде 1 жыл керек.

Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары: 
– Су құбырларын жөндеуге аудандық бюджеттен 90 млн теңге қаражат бөлінді. Тамыз-қыркүйек айларында жұмыстар толығымен жүргізіліп, қысқа дайындық аяқталатын болады. Сонымен қатар Первомайский кентінде екінші жобаны іске асыру жоспарлануда. Ертіс өзенінің жағасында жаңадан су ұңғымаларын орнату, таза суды халыққа жеткізу. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын.

Жаңа ұңғымаларды орнатуға 240 млн теңге қажет. Жоба қолдау тапса, келесі жылы жүзеге асырылады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин және Жігер Бабаханов