Хабар телеарнасы

Қостанайда газ тапшы

Ақтөбе облысындағы сұйытылған газ тапшылығы көршілес Қостанай өңіріне де жетті. Газ құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек. Отынды таллонмен ғана береді. Облыс басшылығы мәселенің өткір тұрғанын мойындап отыр. Тұрғындар болса бағаны өсіру үшін тапшылық қолдан жасалуы мүмкін деп топшылайды.  

Алмас Ермағамбетов, қала тұрғыны
- 2-3 жетіден бері газ жоқ. Өткенде Астанадан келе жатырмын. Астана жақ, жолай да Есілге дейін жақсы, газ бар. 68-ден. Біздің Қостанайда 76-дан. Анау Маяковский көшесінде тұрдық. 2-3 сағат очередьте тұрдық. Міне, біздің очередь келіп қалды. Алады да табличкаларын іле салады.

Самат Бекбаев, қала тұрғыны:
- Негізі газ бар ғой. бағаны көтеру үшін. Солай деп ойлаймын. Мына 350 км шықсаң, бүкіл жерде газ бар. Солтүстік Қазақстан Петропавлға шығасың, газ бар. Ақмола облысы жаққа шығасың, газ бар. Бізде ғана осы Қостанай облысында. Сұрасаң, газ бар дейді бәр жерде. По таллонам деп шығып жатыр.

Қостанай облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы тапшылыққа бірнеше фактор әсер етті деп мәлімдеді. Қаңтар-сәуір аралығында 2 мың 310 тонна газ сатып алынбаған. Қарталы-Рудный газ құбырындағы жөндеу жұмыстары, тұтыну көлемінің артуы және тасымал шығынының ақталмауына байланысты қорға газ жиналмай келген. Жергілікті атқарушы органның мәліметіне сенсек, қазір тапшылықты жою мақсатында 504 тонна газ көлемі бөлініпті, тамыз айына қосымша мың тоннаға өтінім берілген.