Хабар телеарнасы

Павлодарда балалар бетон үстінде ойнап жүр

Жаз өтіп барады. Ал балалардың ойнайтын жері жоқ. Павлодар тұрғындары ұзаққа созылған ойын алаңдарының құрылысына шағымданып жатыр. Ерте көктемде қаладағы көпқабатты үйлердің ауласындағы алаңқайлар сүрілген. Бетон төселіп, болашақ жаңа алаңға орын дайындалыпты. Жоспарға сай жылдың аяғына дейін бір үлгідегі 150 алаң орнатылуы тиіс еді. Бүгін оның тек 28-інде жұмыс жүріп жатыр.

Павлов көшесіндегі он қабатты үш үйдің ауласында балалар алаңы мамыр айында бұзылған. «Екі апта ішінде жаңасын салып береміз»,— деген мердігерлер уәдесінде тұрмады.

Алина Алдажарова, қала тұрғыны:
-Шілде айында салынады деді. Жаз өтіп барады. Балалар аптап ыстықта бетонның үстінде ойнап жүр. Жығылып, тізелерін сырып алады. Өте қауіпті. Біздің бұған дейінгі ойын алаңымыз жақсы болатын. Соны қалдырғанда мұндай шу көтермейтін едік.

Балалардың ойынын қариялар қалт жібермей бақылап отырады. Солардың бірі — Шамшидин Габайдулин. Қарияны ыстық күнде бетонның үстінде жүгіретін бүлдіршіндердің денсаулығы алаңдатады.

Шамшидин Габайдулин, қала тұрғыны:
-Мына заманда балалардың жағдайы ешкімді алаңдатпайтын сияқты. Билік тек бағдарламаны ойлайды. Ал тұрғындардың пікірімен санаспайды. Он қабатты үш үйдің алдына ойын алаңын қойғанда балалардың саны есепке алынуы тиіс еді.

Аулаларды абаттандыру ісі бойынша қала әкімдігі ауқымды жұмыс жоспарын құрған. Бір үлгідегі 150 алаң орнатылуы тиіс еді. Оның тек 28-де жұмыс басталған. Бұған қоса, қажетті ойын жабдықтары толық алынбағаны белгілі болды.

Санира Жүсіпова, «АMANAT» партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы:
-Партияның бақылау Комитеті оны қолына алды. Мониторинг өткізілді. Бүгінгі таңда тамыз айына дейін осы элементтер бәрі толық құрылатын болады. Ал қалған ойын жабдықтары қазан айының ортасына дейін мердігер уәде беріп жатыр, орнатылатын болады.

Мердігерлер келісім-шарт мерзімі жылдың соңында аяқталатынын алға тартады. Көп ұзамай жаңа оқу жылы басталады. Жазғы демалысты бүлдіршіндер құрылысы аяқталмаған ойын алаңдарында өткізуге мәжбүр.

Авторлар: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат