Хабар телеарнасы

Елордада Қазақстан – Ауғанстан бизнес-форумы басталды

Делегаттар қаржы, энергетика, фармацевтика, көлік-логистика секілді бірқатар салада елімізбен 190 млн доллардан астам соммаға 15 келісім жасасты. Енді еліміз Ауғанстанға коммерциялық негізде интернет жеткізеді. 

Ауғанстан үшін біздің ел - маңызды 10 серіктестің бірі. Ауған тарапынан 200-ден астам делегат келген. Олар әр салада келісімдерге келуге ниетті. Сондықтан бүгінгі бизнес-форумның маңызы айрықша.

Қазақстандық ұнды Ауғанстанға жеткізудің барлығы дерлік Өзбекстан аумағы арқылы жүзеге асады. Былтырдың өзінде бұл транзиттік бағыт арқылы 150 млн АҚШ долларына 450 мың тоннадан астам ұн жөнелтілді. Алайда бұл ауған тарапы үшін қымбатқа түседі.

Сондықтан бүгінгі форумдағы негізгі келісімдердің бірі - баламалы транзиттік жолды дамыту. Енді тауарлар Өзбекстаннан бөлек, Түрікменстан аумағы бойынша жеңілдетілген транзиттік тарифпен жіберілетін болады.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі:
-Шикізаттық емес тауарлардың экспортын ілгерілетудің бірыңғай операторы отандық тауарларды Болашақ станциясына дейін жеткізуді арзандатуды қамтамасыз етеді. Елдеріміздің аумақтары бойынша транзиттік темір жол тасымалдарына жеңілдікті шарттар беру жөніндегі уағдаластықтарды нығайттық.

Ауғанстан - Пәкістан мен Үндістанға апаратын Орталық Азияның көлік дәлізі болғандықтан бұл Қазақстанға жаңа нарыққа шығуға жол береді. Сондықтан 4 транзиттік жолды біріктіретін сауда дәлізін құру жоспарда бар.

Нұриддин Азизи, Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі:                                                                        
-Әуе дәлізін құру, екі ел аумағында банктеріміздің өкілдіктерін ашу, кәсіпкерлер үшін виза беру пункттерін құру сынды келісімдерге келгіміз келеді. Біздің ойымызша, елдің экономикалық тұрғыдан өсуі тікелей оның өнеркәсіптік дамуына байланысты.

Жекелеген компанияларда да жаңалық көп. 25 млн долларға бидайдың 100 мың тоннасын жеткізуге келісім жасалды.

Артур Ахметов, отандық компания өкілі:
-Форум біз үшін өте нәтижелі болды. Экспорт көлемін екі есе арттырамыз. Қыркүйектен бастап, мамырға дейін Ауғанстанға 100 мың тонна бидай жеткізуіміз керек.

Маел Хайруддин, Ауғанстанның сауда және инвестициялар палатасының өкілі:
-Біз Қазақстаннан ай сайын 500-600 вагон ұн, май сынды басқа да азық-түлік тауарларын сатып аламыз. Осыған қосымша ретінде, тағы 30-40 вагон күнбағыс майын импорттауға келісім алдық.

Ал әлеуметтік салаға тоқталсақ. Қазақстан ауғанстандық жастарға жоғарғы білім алуы үшін 30 грант бөлуге ниетті. Қазір біздің елде 450-ден астам ауған студенті оқиды. 

Сондай-ақ форумда ауған тауарларының көрмесі ашылды. Мұнда дәстүрлі шығыс тауарларынан басқа кептірілген жемістер, парсы кілемдері, зергерлік бұйымдар мен әлемдегі ең бағалы шафран дәмдеуішін сатып алуға болады. Шара тамыздың 5-іне дейін жалғасады.

Авторлары:Дана Әлиева, Аян Сәрсенбаев