Хабар телеарнасы

«Семей орманы» қызметкерлері жағдайларының жақсармағанын айтады

Абай облысындағы алапат орман өртінен кейін Мемлекет басшысы өрт сөндірушілердің еңбек жағдайын жақсартуды тапсырғаны белгілі. Осыған сәйкес шілденің 1 бастап мемлекеттік инспекторлар мен мамандардың жалақысы көтерілді. Алайда «Ертіс орманы» табиғи мемлекеттік резерватында штаттан тыс еңбек ететін жұмысшылар Президент тапсырмасы ішінара орындалғанын жеткізді. Өйткені радио операторлары, жүргізушілер, тракторшылар, бақылау мұнара қызметкерлерінің жалақысы сол күйінде қалған.

Президент әкімшілігіне жолданған үндеуде: «Бізді дала және орман өрттерін оқшаулау және жою үшін тікелей жұмысқа қабылдайды. Кейде Төтенше жағдайлар қызметіне көмектесу үшін өрт сөндіруге жібереді. Біз жалақымызды көтеріп, еңбек жағдайымызды жақсартуды және өрттен тыс кезеңде жұмыстан шығарғаны бойынша өтемақы төлеуді сұраймыз», делінген. Бұл сауалды тілшілер Павлодар облысына іс-сапармен барған Экология және табиғи ресурстар министріне «Семей орманы» резерватының қызметкерлері атынан қойған еді. 

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Бұл жерде мәселе штаттан тыс қызметкерлерге қатысты туындап отыр. Өкінішке қарай, бюджеттік бағдарламаларды арттыруға қолдау көрсетілмеді. Сондықтан біз орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіптік одақтарымен жұмыс істедік. Олар штаттан тыс қызметкерлерді біріктіреді және биыл 70%, ал 24 және 25 жылдарға қосымша ақы төлеу жоспарын жасадық. Үнемдеу арқылы қосымша қаржы қарастыру мәселесін пысықтап жатырмыз.