Хабар телеарнасы

Ел бойынша жол апаты азаймай тұр

Соңғы аптаның өзінде 15 адам жолда мерт болған. Бұған не себеп? 

Елімізде қазір күн сайын емес, сағат сайын көліктер соқтығысып, адам шығыны боп жатады. Мәселен, өткен аптаның демалыс күні Қостанай облысында жантүршігерлік оқиға болды. Екі жеңіл автокөліктің бетпе-бет соғылуынан бір жас отбасының өмірі қиылды. 8 және 9 жастағы балалар мен олардың ата-анасы ауыр соққыдан оқиға орнында көз жұмған. Жалпы жыл басынан бері Тобыл өңірінде жол апатынан 41 адам қаза тапқан. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін полицейлер: «Барлық шараны жасап жатырмыз», - дейді.

Алексей Милюк, Қостанай облыстық ПД бастығының міндетін атқарушы:
- Осы айда «Сергек» жүйесінің алғашқы аппараттар орнатыла бастайды. Әзірге 60 кешен жоспарланған. Олар 10 көшенің қиылысына қойылады. Сондай-ақ қазір «Қорғау» жүйесі енгізіліп жатыр. Ол арқылы жолда кетіп бара жатқан көліктердің арасынан бұрын көлік жүргізу құқығынан айрылған, іздеуде жүрген және төленбеген айыппұлдары бар жүргізушілердің автокөліктерін анықтайды. 

Жетісу облысында жыл басынан бері 240 астам көлік апаты тіркеліп, 70 адам опат болды. 350 жолаушы түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Жол-көлік апаты әсіресе жазғы шомылу маусымында көбейеді. Жүргізушілер негізінен жылдамдықты шамадан тыс асырады. Жол үстінде қалғып, қарсы бағытқа шығып кетеді. Құзырлы органдар сол себепті жолда қабылдау шарасын ұйымдастыруда. Көксу аудандық прокуратурасы полиция қызметкерлерімен бірге «Алматы-Өскемен» тас жолына шығып, жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл акцияға жедел жәрдем қызметі де қатысты. Медицина қызметкерлері көлік иелерінің қан қысымын тексеріп, жүргізушілерді бір сергітіп алу үшін мұздай су мен балмұздақ ұсынды.

Бүркіт Нұрмұханбетов, Көксу аудандық прокуратурасының аға прокуроры: 
- Мына жолдың өзі көріп тұрғанымыздай, машина қозғалысы қатты жүретіндіктен басқа камераларды орнату үшін сондай үлестерін қосса екен деп ойлаймын. Себебі жүргізушілер қатты жүргендіктен жол-көлік апатына әкеліп соғып жатыр. Жол қателіктерді кешірмейді. 

Жалпы биылғы жартыжылдықта елімізде 5 мыңнан астам жол апаты тіркеліпті. Оларда 916 адам көз жұмып, 6 мың 762 адам түрлі дене жарақатын алған. Ал өткен жылы 14 834 жол-көлік оқиғасы болып, 2,5 мыңға жуық адам қаза тапқан. Жарақат алғандар саны – 19 мыңнан асады.

«Ал жол апаттарына тас жолдың сапасы мен жүргізушілердің өрескел қателіктер жіберуі сеп болып отыр», - дейді мамандар. Қайғылы жағдайларды азайту елде заңбұзушылықтарды анықтайтын бейнебақылау камералар көбейтіліп, заң күшейтіліп жатыр. Десе де темір тұлпар тізгіндеген әр адам өзінің және өзгенің өміріне жауапты екенін жадынан шығармағаны абзал.

Авторы: Дамир Берікұлы